Алматы цифрландыру саласында көш бастап келеді

23 Шілде 2019, 05:37
2357
Бөлісу:
Алматы цифрландыру саласында көш бастап келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев іссапармен Алматы қаласында болды.

Сапардың негізгі мақсаты Алматыны цифрландыру барысымен және  мегаполисте жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ету мақсатында енгізілетін түрлі жобалармен танысу болды. 
Алматы- цифрландыру саласындағы қазақстандық флагмандардың бірі және бірқатар бағыттар бойынша көш бастап келеді. Министр нақты салаларда  атқарылып жатқан жұмыстардың қазіргі жай-күйімен жедел медициналық жәрдем станциясына, полиция және төтенше жағдайлар департаменттеріне, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына, "Алатау" инновациялық технологиялар паркіне және Медеу ауданындағы ХҚКО-ға барған кезде танысты.

Мегаполистің қоғамдық көліктерінде қолма-қол ақшасыз төлем жасау үлесі 98%-ға жетіп отыр, онлайн-ПИК жұмыс істейді, жүйені автоматтандыру нәтижесінде жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына орташа есеппен 11-12 минутқа, ал өрт сөндіру күзетінің көліктері бұрынғымен салыстырғанда 8 минутқа ерте келеді. Қазір қала ТЖ туралы хабарлау жүйелерімен 100% қамтылған, ал тұрғындар тиісті хабарламаларды бірнеше минут ішінде алады.

"Алматыда жайлы өмір сүруге және жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал ететін жүйелер мен жобалар біртіндеп қолданысқа енгізілуде. Бұлар көрсетілетін қызметтерді әрі жедел және ашық ете түсуде. "Smart City" компоненттерін тиімді енгізу, азаматтармен тұрақты диалог құру қалалық инфрақұрылым мен экожүйені одан әрі дамытуға септігін тигізеді", - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев «ақылды» қаланы цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңес барысында.

"Smart City" жобасын дамыту бойынша кеңесте айтылған ұсыныстардың негізгі өзегі Алматыда жүргізіліп жатқан жұмыс көлемін сақтай отырып, жаңа серпін беру турасында болды.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполисті басқарудың басым міндеттерінің бірі қалалықтардың өмір сүру сапасын арттыру және қалалық қызметтердің жұмысын одан әрі автоматтандыру деп есептейді.
 

Өзгелердің жаңалығы