Алматы қаласынан 1200-ге жуық азамат әскерге аттанады

12 Сәуір 2019, 17:06
2721
Бөлісу:
Алматы қаласынан 1200-ге жуық азамат әскерге аттанады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Көктемгі әскери шақырту науқаны бойынша Алматы қаласынан 1200-ге жуық азамат әскерге аттанады. Бұл туралы Алматыдағы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Кристина Новикова BAQ.KZ тілшісімен тілдесу кезінде айтты.

Мерзімді әскери қызметке шақыруға Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне және басқа әскери құрылымдарды жасақтау үшін 18-27 жас аралығындағы іріктелген жігіттер алынады.

Кристина Новикованың айтуынша, биылғы шақыртылғандар арасында әскерге жарамай қалғандары аз.

«Денсаулығына байланысты тексерістен өте алмай қалған азаматтар көбінесе көз аурулары, бас миы қан қысымының жоғарылауы және хирургиялық ауруларға байланысты болып жатады. Сондай-ақ, тексерістен өте алмай қалған азаматтар үшін емделуге 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзім беріліп, емделгеннен кейін аталған азаматтар қайта тексерістен өтіп әскерге жіберіліп жатады», - деді баспасөз қызметінің басшысы.

Сонымен қатар ол, Алматы қаласы бойынша көктемгі әскерге шақыруға жататын азаматтарды іріктеу және алдын ала зерделеу жұмыстары осы жылдың қаңтар айынан басталғанын айтты. 

«Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру – Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет өткізіледі. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру пунктеріне келуі туралы хабар етуді - тұрғылықты жерлер бойынша жергілікті әскери басқару органдары шақырту қағазымен немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым басшылары қолдарын қойғыза отырып жүргізеді», -деді Кристина Новикова. 

Алматы қаласы бойынша жылына жергілікті әскери басқару органдарымен 5 000-ға жуық азаматтың материалдары зерделенеді екен.


Өзгелердің жаңалығы