Алматы полицейлері қызды суицидтен құтқарып қалды

26 Шілде 2021, 12:15
1918
Бөлісу:
Алматы полицейлері қызды суицидтен құтқарып қалды

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда патрульдік полиция полкінің қызметкерлері өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалды. Бұл туралы қалалық ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

24 шілдеде таңғы сағат төрт жарымда Қарасай батыр көшесіндегі үйлердің бірінің шатырынан қыз бала секірмек болған. Мұны патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Алмалы аудандық ПБ ғимаратынан шығып бара жатқанда көрген. 

Полиция лейтенанты Расул Маметниязов пен полиция аға лейтенанты Данияр Тастекеев еш ойланбастан үйге жүгіріп келіп, өрт сөндірушілер баспалдағымен шатырға көтеріледі. Бұл кезде қыз шатырдың ең шетінде тұрған, жас қызметкер оны соңғы қадам жасатпай ұстап қалды. 28 жастағы Валерия есімді қыз есеңгіреген күйде болған.

Полиция қыздың күйзелісте болғандығын және суицидке қандай себеп итермелегені әлі белгісіз екенін атап өтті.

 Қазіргі кезде онымен психологтар жұмыс істеуде. Полиция қызметкерлерінің келісілген және жедел әрекетінің арқасында адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.

Өзгелердің жаңалығы