Алматы өңірінің туризм инфрақұрылымына жеке инвесторлар қаржы салады

18 Қазан 2021, 20:47
13376
Бөлісу:
Алматы өңірінің туризм инфрақұрылымына жеке инвесторлар қаржы салады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен «Аюсай» сапар-орталығында «Алматы тау» кластерінің ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамыту жөнінде жиналыс өтті.

Іс-сапар барысында Ақтоты Райымқұлова ұлттық парктерде экотуризмді дамыту басым бағыттардың бірі екенін және Kazakh Tourism базасында Алматы тау кластерінің біріктірілген жобалық кеңсесі барлық мүдделі тараптың жұмысына синергетикалық әсер бергенін айтты.

Жергілікті атқарушы органдардың «Қазақтуризм» компаниясының белсенді қатысуымен үйлесімді жұмысының нәтижесінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы өңірінің ұлттық парктеріне экотуризм бойынша өз жобаларын табысты іске асыратын стратегиялық инвесторларды тартты. Олардың бірі – Іле-Алатаудағы «Аюсай» сапар-орталығы, ол іс жүзінде ақпараттық пункт ретінде ғана емес, білім беру, мәдени және корпоративтік іс-шараларды өткізу орны ретінде де жұмыс істей алатындығын көрсетті-деді Ақтоты Райымқұлова.

Биыл инвестор Қазақстандағы алғашқы ұлттық паркте, атап айтқанда Іле-Алатауында сапар-орталығын ашып, мұнда «Тамыр» жабайы табиғаттағы өмір сүру мектебі жұмыс істей бастады. Сонымен қатар заманауи дәретханалар салынды. Осылайша, кездесуде инвесторлар министрге тұрақты туризмге баса назар аудара отырып, «Алтын Емел», «Шарын» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде экологиялық таза инфрақұрылым салумен қатар ұқсас жобаларды көрсетті.

Біз ұлттық парктерге инвестиция сала отырып, ең алдымен экологияны сақтауға және туризм есебінен ауыл халқының өмір сүру деңгейін дамытуға мүдделіміз. Бұл күн тәртібі аса маңызды деп санаймыз. Сондықтан Алматы облысының әкімдігіне, Kazakh Tourism жобалық кеңсесіне және Экология министрлігіне қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқымыз келеді,-деді «Таун Плюс» ЖШС басшысы Жәнібек Әлкеев.

Kazakh Tourism базасында Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі біріккен жобалық кеңсеге Алматы қаласы мен облыс әкімдіктерінің, өңірдің төрт ұлттық парк әкімшіліктерінің өкілдері кіреді.

«Іле-Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері және «Аюсай» сапар-орталығы жұмысының тұсаукесері талқыланды. Сонымен қатар «Шарын» мен «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарында инвестициялық жобаларды қолға алуды жоспарлады.

Ақтоты Райымқұлова экотуризмді дамытудың негізгі бағытына айналған ұлттық саябақтардың көптігімен Алматы өңіріне жоғары баға берді. Мұның себебі саябаққа келушілер саны 2019-2020 жылдарға қараған да арта түскен. «Іле-Алатау», «Шарын» шатқалы, «Көлсай», «Алтын Емел» МҰТП бойынша келушілер саны: 2019 жылы – 428137 адам, 2020 жылы – 321275 адамды құраса, 2021 жылдың тамыз айының қортындысы бойынша - 499440 адамды көрсеткен.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымнан басқа да туристік қызметтерді дамыту үшін сапар-орталықтар, кемпингтер мен глэмпингтер, тамақтану пункттері, көлік тұрақтары сияқты туристік инфрақұрылымды дамыту қажет екендігі айтылды.

Өзгелердің жаңалығы