Алматы облысында жаңа спорт кешені ашылды

7 Қазан 2021, 21:07
6077
Бөлісу:
Алматы облысында жаңа спорт кешені ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Бақанас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Бұл - Алматы облысында пайдалануға берілген 13-ші спорттық кешен.

Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов, даңқты спортшылар Ұлан Рысқұл, Дамир Күзембаев, Дәурен Жұмағазиев, белгілі спортшы әрі облыстық басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және аудан жұртшылығы қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы мен Президенттің тапсырмаларына сәйкес облыста халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталып өтті.

Балқаш ауданы  - облыстың бір қиырында жатқан шалғай аудан. Біз осы ауданға үнемі ерекше көңіл бөліп келеміз. Бақанасқа табиғи газ жеткіздік. Газ тарату жүйесі салынып, қазіргі кезде елді мекендерде ауыл ішілік желілер жүргізілуде. Бұрын ешкім шалғайдағы Бақанасқа газ келеді деп ойламаған еді. Бүгінгі күні бұл іс жүзеге асты. Өз кезегінде газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді. Ауданда кезектегі азаматтарға, көп балалыларға, мамандарға беру үшін тұрғын үйлерді де көптеп салып жатырмыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында абаттандыру жұмыстарына қаржы бөліп, көркейту шаралары атқарылуда. Бүгін, міне, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашып, балалардың спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік жасалып отыр. Бұл облыста соңғы жылдары салынып, іске қосылған 13-ші кешен. Тағы 4-еуінің құрылысы аяқталуға жақын. Осы жерден  күні ертең мықты спортшылар шығады деп сенемін, - дей келе, балаларды жарыстарға тасымалдайтын жаңа Газель автокөлігінің кілтін спорт мектебіне сыйға тартты.

Сол сияқты Алматы облыстық мәслихат депутаты, «Агрофирма Бірлік» ЖШС директоры, спорттың жанашыры, меценат Әбдіжаппар Қыстаубаев та көпшілікке ізгі тілегін білдірді.

Кешенінің құрылысын салған «Капстройгрупп-Т» ЖШС бас директоры Болат Ишназаров ғимараттың кілтін жаңа спорт нысанының директоры Хамит Сембаевқа тапсырып, музыкалық орталық сыйға тартты.

Мұнан соң көпшілік кешеннің ішін аралап, волейбол, күрес, бокс, тренажерлық залдарда, даладағы баскетбол, футбол алаңдарында болды. Жаттығып жатқан балалармен тілдесіп, оларға спорттық киімдер мен ойын доптарын сыйлады.

Жалпы Бақанастағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Оны салуға 1 млрд. 102 млн. теңге жұмсалды. Жалпы ауданы 4 257 шаршы метр болатын ғимаратта  күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалған, тиісті спорттық құралдармен толық жабдықталған.

Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан аудандық аурухана ғимаратының хал-ахуалымен танысты. 2019 жылы келген сапарында аурухананың тозығы жеткен апатты жағдайын көрген облыс басшысы ғимаратты толықтай қайта жаңғырту керек деген шешім қабылдаған болатын. Кейінгі 30 жылда жөндеу көрмей, әбден ескірген нысан бүгін жаңа кейіпке енген. Ғимараттың жаңғыртылуы жайлы «Нұр Шапағат Құрылыс» ЖШС өкілдері қысқаша баяндап, ішін жөндеу жұмыстарын көрсетті. Бұған дейін қабырға кірпіштерінің тозғаны соншалық оны тек сылақ қана ұстап тұрған болса, қазір қабырғалары жаңарып қана қоймай, сейсмикалық жағынан күшейтіліп, сылақтың ішінен арматураланып,  екі жағынан да мықты темір тормен қапталып, нығайту жұмыстары сапалы жүргізілуде. Облыс әкімі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан қайта пайдалануға берілген соң жаңа аурухананың медициналық құрал-жабдықтары да толық жаңаланатынын айтты.

Біз коронавируспен күрес шараларына, соның ішінде барлық медициналық нысандардың  материалдық-техникалық базаларын нығайтуға 14 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Індетпен күрес кезінде 17 ауруханаға оттегі стансасын салдық, қажетті аппараттар сатып алдық. Балқаш ауданы облыс орталығынан да, Алматыдан да біршама алыс жатыр. Сондықтан мұнда сырқаттарды сыртқа жіберіп әуре болмай осы жерден емдей алатын жағдай жасауымыз керек. Аурухананы сондай мақсатпен толықтай қайта жаңғыртудан өткізіп жатырмыз. Құрылыс жұмыстары аяқталғанда медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілетін болады, - деді А. Баталов.

Атап өтсек, аудандық аурухананың жөндеу жұмыстары 2020 жылдың қыркүйек айынан басталды. Мұндағы  тәуліктік  стационары  - 1010 төсектік, күндізгі стационары - 20 төсектік. Ауруханада 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Соның 48-і – дәрігер, 184-і - орта буын медицина қызметкерлері, 78-і - басқа да жұмысшылар. Әзірге олар уақытша басқа ғимаратта қызмет көрсетіп отыр. Белгіленген жоспар бойынша ғимараттың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталғанда, аурухана қолданысқа толық дайын болмақ.

Өзгелердің жаңалығы