Алматы облысында шөп шабу бригадасы құрылды

27 Шілде 2021, 20:31
2322
Бөлісу:
Алматы облысында шөп шабу бригадасы құрылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында шөп шабу науқаны қызу жүріп жатыр, аудандарда бұл іске 1670 адам тартылған 295 шөп шабатын бригада жұмылдырылды. Науқанға 1576 шөп шабатын машина және 1401 пішен нығыздап жинайтын техника тартылған. 

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде мемлекеттік орман қорының аумағында шаруашылықтар мен тұрғындар шабындыққа 15,2 мың га жерді, жайылым үшін 899,9 мың га жерді пайдалануда. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан 164 га шабындық, 59 мың га жайылым ретінде бөлінген.

Ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні 1810 мың тонна шөп дайындалды, бұл жоспардың 64,2%, 285,4 мың тонна пішендеме, 124,9 мың тонна сабан, 55,7 мың тонна мал жемі дайындалды.

Табиғи шабындықтың орташа өнімділігі әр гектарынан 15-25 центнерден айналады, ал жоңышқа мен көп жылдық шөптер 35-40 ц/га өнім беріп отыр.

Ауыспалы жер қорына түгендеу жасалып, өткен жылдан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Жамбыл, Ұйғыр аудандарында 30,2 мың тонна мал азығы бар екені анықталды.

Сонымен қатар облыста жиын-терін мен шөп дайындау жұмыстарына 13,8 мың тонна дизель отыны бөлінген, соның ішінде 1,8 мың тоннасы шөп шабуға қарастырылған. Сондай-ақ шөп дайындау науқаны үшін жанар-жағармайға тиісті ведомствоға қосымша тапсырыс берілген.

Өзгелердің жаңалығы