Алматы облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

10 Қазан 2019, 22:31
2021
Бөлісу:
Алматы облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Қарасай ауданында 7 көпбалалы отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй кілттеріне ие болды. 

Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен аудандық мәдениет үйінде өткен Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

EDM_8365.JPG

Салтанатты шара Қарасай батыр туралы прологпен ашылды. Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов ауданның мерейлі мерекесімен құттықтап, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Қарасай ауданының рөліне тоқталды. Мәселен, өткен 9 айда ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 195,0 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығында 25,0 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 57,2 млрд теңгені құрады. Сол сияқты Амандық Баталов аудан экономикасының артуына меценаттар мен кәсіпкерлердің қосып отырған үлестері зор екеніне де атап өтті. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысандар бой көтергенін де айтты. Олардың арасында «Батыр бабалар» мемориалды кешені, дене шынықтыру-сауықтыру кешені және т.б. нысандар бар.

«Құрметті жерлестер! Баршаңызды Жетісудың қасиетті өлкесі – Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Топырағы құнарлы, тарихы терең Қарасай ауданының қашанда елі еңселі, еңбегі берекелі. Бұл өлке – қол бастаған батырлар, ел басқарған көсемдер мен сөзге шешен билер мекендеген өңір. Мұнда тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған ұлт пен ұлыстар бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бұл өңір тарихта өшпес ізін, өлмес өнегесін қалдырған көптеген ірі тұлғаларды өмірге әкелді. Солардың арасында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалап, тұғырын биікке көтерген Тұңғыш президентіміз, әлем мойындаған саңлақ саясаткер – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихтағы орны ерекше екені даусыз. Қарасай ауданының жүріп өткен жолын, даму тарихын бір жиында толық айтып шығу мүмкін емес. Десе де тәуелсіздік жылдарының шежіресі жетістіктерге толы. Соңғы жылдардағы аудан экономикасының нығаюы, әлеуметтік әл-ауқатының артуы, мәдениеті мен өнерінің өрлеуі көз алдымызда. Бұл ерен істерде ауданның әрбір тұрғынының үлесі бар деп білеміз», - деді Амандық Баталов.

EDM_8280.JPG

Аудан әкімі Жандарбек Далабаев басқосуда сөз алып, ауданның қалыптасу, даму тарихына кеңірек тоқталды. Бүгінгі жетістіктері мен көрсеткіштерін де ұмыт қалдырған жоқ. Осы жиында ауданның 3 тұрғынына «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сол сияқты «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында аудандағы 7 отбасының жаңа баспанаға ие болуы мерекелік қуанышты еселей түсті.

Сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Бүкіләлемдік өнер және ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Жетісу» ӨК басқарма төрағасы Жанат Исағұлов та аудан тұрғындарына ізгі тілектерін жеткізді.

EDM_8387.JPG

Салтанатты шарада ауданның 90 жылдығына арнап өткізілген шаралар жайындағы есепті бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ Қарасай өңірінің әртістері мен шығармашылық ұжымдары мазмұнды концерт қойып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

EDM_8264.JPG

Осы күні мерекелік шаралар шеңберінде Шалқар ауылы маңындағы «Нұрдәулет» ипподромында ат спорты түрлерінен ұлттық ойындар жарысы қызып жатты.

Өзгелердің жаңалығы