Алматы облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

21 Қазан 2019, 13:21
5309
Бөлісу:
Алматы облысында көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында тұратын көп балалы аналар баспаналы болды, деп хабарлады "Хабар 24".

"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша 10 жанұя өз шаңырағына кірсе, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 4 отбасы қоныс тойын атап өтті. 5 баланың анасы Алмагүл Манапбаева ертеректе оңтүстіктен осы өңірге еңбек етуге келіп, тұрақтап қалған. 1970 жылдары салынған ескі үйде өсіп-өнген отбасының үй кезегіне тұрғанына 10 жылға жуықтапты. Үш баласы жүйке жүйесінің ауруына шалдыққан. Бүгін мұқтаж отбасы демеушінің көмегімен баспаналы болды.

"2012 жылдан бастап Еңбекшіқазақ ауданында үй кезегінде болғанмын. Бірақ кезек баяу жылжып жатыр. Бұл уақытқа дейін үйге қолым жетпеді. Енді осы үйге келін түсіріп, немере сүйсем бе деген арманым бар", - дейді көп балалы ана Алмагүл Манапбаева.
Жәмиля Қадырбектің 6 баласы бар. Туған елге көшіп келгеніне 16 жыл болыпты. Көп балалы отбасы "Бақытты отбасы" бағдарламасымен 6 бөлмелі үйге қол жеткізді. 

"Бала-шағам да бәрі қуанып, жылы үйге жаңа үйге келгенімізге бәріміз қуанып жатырмыз. Мұндай үйде тұрмадық. Пәтер жалдап жүрдік. Үлкен алғыс айтамын", - дейді көп балалы ана Жәмиля Қадырбек.
Еңбекшіқазақ ауданында 8632 көп балалы ана бар. Үй мәселесімен кезекте тұрған отбасылар саны – 162. Келесі жылы ауданда 180 пәтерлік көп қабатты үш үй салу жоспарланған. Жергілікті билік келер жылы мұқтаж отбасылар баспанамен толық қамтылады деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы