Алматы облысында демалыс күндері локдаун болады

4 Тамыз 2021, 16:30
3090
Бөлісу:
Алматы облысында демалыс күндері локдаун болады

Алматы, BAQ.KZ. Жетісу жері «қызыл» аймақта. Өңірде коронавирус індетінің өсу қарқыны 0,7%-дан 0,9%-ға дейін артты. 

Соңғы аптада ең жоғары өсу қарқыны Алакөл, Балқаш, Ескелді, Іле, Қарасай, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан аудандарында және Қапшағай қаласында байқалды. Бұл туралы «Жетісу медиа» хабарлады.

2020 жылдың наурызынан бастап барлығы 33 339 зертханалық расталған КВИ жағдайы тіркелген. Ал соңғы тәулікте кеселге шалдыққандар саны 315-ке жеткен. 41 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталса, 27 оқушы мен 1 студент індеттің ілмегіне ілінгені белгілі болып отыр. 

Бүгінгі күні аймаққа вакцинаның бірінші бөлігінің 634 255 дозасы келіп түсті. Деректер I компонентін 561 506 мың адам, екіншісін 406 345 тұрғын қабылдағанын растап отыр. Қазіргі таңда облыста 73 749 вакцина дозасы бар,- дейді Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев. 

Айта кетейік, 2 тамыз күні Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Онда карантиндік талаптар күшейтіліп, бірқатар шектеу шаралары енгізілді. 

Бас құжаттағы негізгі шарттар мынадай: 

1. Білім беру орталығындағы адам саны 15-тен аспауы керек;
2. Азық-түліктік емес дүкендер сенбі-жексенбі күндері жұмысын тоқтатады;
3. Сұлулық салондары алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді;
4. Ашық және жабық базарлар жұмыс күндері 10:00-17:00-ге дейін істейді (сенбі-жексенбі күндері жұмысын тоқтатады);
5. Медициналық мекемелер алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді;
6. Қоғамдық көліктердің қызметіне сенбі-жексенбі күндері тыйым салынады;
7. «Қазпошта» АҚ, Банк, ХҚКО 9:00-18:00 аралығында алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсетеді (сенбі-жексенбі жұмыс істемейді);
8. Ұйымдар мен кеңсе қызметкерлерінің 80%-ы қашықтан жұмыс жасауы тиіс;
9. Кинотеатр, мәдени нысандар, бильярд, боулинг клубтарының жұмысы тоқтатылады.

Өзгелердің жаңалығы