Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындық басталды

30 Маусым 2020, 11:55
1887
Бөлісу:
Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындық  басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында алдағы жылыту маусымына дайындық басталды, бұл мақсатқа бюджеттен 9,5 млрд. теңге қарастырылған, оның 521,4 млн теңгесі – жылу жүйесін жөндеуге және құрал-жабдықтар сатып алуға, 9,0 млрд теңгесі көмір, мазут, дизель отынын сатып алуға бөлінген. 

Сонымен қатар кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен қосымша 2,1 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясындағы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүреді.

Жалпы жаңа жылыту маусымына 35 орталық қазандық дайындалуы тиіс, 64,3 км жылу трассасы, 13,4 мың км электр жүйелері, 3016 трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделеді, 3581 көп қабатты тұрғын үй, бюджеттік саланың 2002 нысаны дайындалады, соның ішінде 1072 нысан – білім саласы бойынша, 592 – денсаулық сақтау, 338 – әлеуметтік нысандар.

Қазіргі кезде бюджеттік ұйымдарға отын жеткізіле бастады (қажеттілігі: 24,4 мың тонна көмір, 4,9 мың тонна пеллет, 25,1 млн литр дизель отыны), 11 энергия кәсіпорны үшін 40 күнге отынның нормативтік қоры жасақталды. Барлығы 459,1 мың тонна көмір (174,1 мың тоннасы бюджет есебінен) және 34,2 мың тонна мазут (19,7 мың тоннасы бюжжет есебінен) дайындау жоспарланған.

Сол сияқты өңірде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес блокты-модульді қазандықтар (БМҚ) орнату ісі жалғасуда. Мәселен, жылыту маусымы басталғанға дейін Қарасай ауданында жалпы сомасы 983 млн теңгеге 3 БМҚ орнату межеленіп отыр. Соның нәтижесінде 409 абоненті бар 10 көп қабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылады.

Дәл осындай жұмыстар Қаратал ауданының Үштөбе қаласында да жүргізілмек. Атап айтқанда, "Үштөбе қаласындағы газ тарату желісінің құрылысы" жобасының аясында ондағы 633 абонентті қамти отырып, 16 көп қабатты үйге 4 БМҚ орнатылады.

Оған қоса тағы 105 көп қабатты үйді орталық жылыту жүйесіне қосуға бағытталған 40 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

Жоба жүзеге асқанда Талғар ауданындағы 13 көп қабатты үйге 11 БМҚ, Қарасай ауданында 12 көп қабатты үйге 3 БМҚ, Еңбекшіқазақ ауданында 65 көп қабатты үйге 20 БМҚ, Панфилов ауданында 15 көп пәтерлі үйлер үшін 6 БМҚ орнатылатын болады.

Атап өтсек, өткен жылыту маусымы барлық жоспарланған жұмыстардың белгіленген мерзімінде атқарылғанының арқасында ойдағыдай өткен еді. Халықты көмірмен уақытылы қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп, көмірге деген қажеттілік 1,34 млн. тонна болса да, 1,38 млн тонна көмір сатып алынған-ды. Биылғы жылыту маусымы да еш қиындықсыз үздіксіз өтуі үшін дайынық жұмыстарын облыс басшылығы тұрақты назарда ұстап отыр.

Өзгелердің жаңалығы