Алматы облысында әкім сайлауында екі әйел жеңіске жетті

26 Шілде 2021, 17:23
2366
Бөлісу:
Алматы облысында әкім сайлауында екі әйел жеңіске жетті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 25 шілде күні ауылдық округ әкімдерін сайлауда Сарқан ауданының Аманбөктер ауылдық округінде тұрғындар әкім ретінде үміткерлер қатарынан әйел адамды таңдаған. Бұл туралы JETISÝ MEDIA ақпараттық алаңында өткен брифингте Алматы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық айтты.

Оның атуынша, Алматы облысының тұрғындары сайлауда белсенділік танытып, сайлаушылар тізіміне 221 952 азамат енгізілген, оның ішінде 149 888 адам дауыс беруге қатысыпты.

Сайлау нәтижесінде Аманбөктер ауылдық округіне Шырынгүл Нұрқанова әкім болып сайланды. Ол 20 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген.

 
Мен ауыл әкімдігінде 20 жылға жуық жұмыс істеп келемін және ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта аламын деп ойлаймын. Туған ауылыма пайда әкелгім келеді, ғаламтордың жоқтығына байланысты мәселені шешіп, жолдардың жағдайын жақсартып, туризм саласын дамытуды жоспарлап отырмын, - дейді Шырынгүл Нұрқанова.

Сондай-ақ Венера Берікова есімді тағы бір нәзік жанды Ойтоған ауылында әкім болып сайланды. Ол 1984 жылы 6 қыркүйекте Ақсу ауданы Ойтоған ауылында дүниеге келген. 2001 жылы І. Жансүгіров атындағы орта мектепті, 2006 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «ветеринария» мамандығы бойынша және 2009 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясын «қаржыгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Ақсу аудандық мәслихаты аппаратының хатшысы болып бастаған. 2008 жылдың сәуір айынан бастап Ақсу аудандық мәслихатының аппаратында бас маман болып қызмет атқарады.

Айта кету керек, Қазақстанда ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы алғаш рет өтуде. Идея Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі. Мемлекет басшысы бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқару институттарын енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға бағытталған негізгі саяси реформалар пакетін іске асыруды көздейтінін атап өтті. 

Алматы облысында 235 үміткер бақ сынасты. 71 ауылдық округте жаңа әкімдер пайда болды.

Өзгелердің жаңалығы