Алматы облысында 7 жасар құжатсыз қыз мектепке бара алмай отыр

15 Тамыз 2020, 02:29
2317
Бөлісу:
Алматы облысында 7 жасар құжатсыз қыз мектепке бара алмай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында құжаты жоқ қыз мектепке бара алмай жүр. Оның анасы бірнеше жыл бұрын отбасын тастап, хабар-ошарсыз кетіпті. Туу туралы куәлік те содан жасалмай қалған.

КТК телеарнасының хабарлауынша, бүлдіршінді бағып-қаққан әжесі безбүйрек ананы 5 жылдан бері жер-көктен іздеп таппаған. Жақындаға ғана 7 жасқа толған Заринаның білімге деген құлшынысы жоғары. Алайда, оқуға ынтасы оянған жеткіншектің бірде-бір құжаты жоқ болғандықтан, оны ешбір мектеп қабылдамайды. Дегенмен, қарап жатпаған қария туу туралы куәлік жасату үшін талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ, безбүйрек ананың өзі жоқ және оның қай жерде босанғаны да беймәлім. Өрімдей қызға әжесі екпені дәрігерлерге жалынып-жалпайып жүріп әрең салдыртыпты. Ең қызығы, Алматы облысының Шиен ауылында тұратын құжаты жоқ қызды осы күнге дейін бірде-бір құзырлы орган іздеп келмеген. Шарасыз отбасы енді аудан атқамінерлерінен көмек сұрап отыр.

Аудан әкімінен келіп көмек сұрап тұрмын. Не істеймін?! Кішкентай нәрестенің жазығы жоқ қой. Бұл оқу керек. Көзі ашылу керек. Шиендегі әкімге айтқанымда, заңгер шақыртып берген. Сонда заңгер шешесінің бас тартуы керек деген, - дейді қыздың әжесі Райкүл Омарова.
Заңгер жалдауға қалтасы көмермейтін отбасына тегін құқықтық көмек көрсетуге тек "Тарбағатай" заңгерлер палатасы келісіпті.

Оның жеке тұлға ретінде растайтын құжаты болмағандықтан, бұл іс сот арқылы ғана шешіледі. Атап айтқанда, талап-арызбен жүгіну қажет. Сот алдына баланың туғанын растау жөніндегі мәселені қою керек. Аналық немесе әкелік құқықты растау маңызды. Оған сәйкесінше молекулалық-генетикалық сараптама болады. Соның қорытындысы бойынша сот тиісті шешім шығарады, - дейді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Бұл ретте, Жамбыл ауданының әкімдігі де көмектесеміз деп уәде беріп отыр.

Біз бұл мәселеден хабардармыз. Кішкентай Заринаның мектепке рәсімдеу жұмыстарына керекті заңды көмектерді аудан тарапынан да, ауылдық округ тарапынан да кез келген уақытта көрсетуге дайынбыз. Заринаның өмірі алдағы уақытта біздің бақылауда болады, - дейді аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы Бақтияр Айталы.

Бірақ, құжат мәселесін сот арқылы толыққанды шешуге кемі 3 ай уақыт керек. Сондықтан Зарина биыл мектеп партасына отыра алмауы да мүмкін. Оның үстіне мал бағып күн көретін әкесінің репетитор жалдайдын жағдайы жоқ.

Өзгелердің жаңалығы