Алматы облысында 3 кәсіпорын 77 жұмысшыға қарыз – прокуратура
11 Мамыр, 15:32 469

Алматы облысында 3 кәсіпорын 77 жұмысшыға қарыз – прокуратура

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы облысында 3 кәсіпорынның 77 жұмысшы алдында 71 млн теңге қарызы бар. Бұл туралы Алматы облысы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Асанов «Азаматтардың еңбек құқығы» тақырыбында өткен брифингте айтты.

Асанов «Jetisý media» ақпарат алаңында өткен жиында еңбек құқығын сақтау маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, жұмыс беруші мен жұмысшының мүддесі үнемі бір арнада тоғыса бермейді, сондықтан ол еңбектің кез келген сатысында еңбек жан-жалын туыдыруы мүмкін. Ондай жағдайды еңбек заңнамасы аясында шешкен дұрыс.

Заңнамада бұл кодекстің азаматтардың еңбек құқығын сақтауға арналғаны айқын көрсетілген. Яғни, жұмысшыға жақсы жағдай жасау, жұмыс беруші мен жұмысшының мүддесі мемлекет тарапынан қорғалатыны айтылған. Қазір облысымызда 3 кәсіпорынның 77 жұмысшы алдында 71 млн теңге қарызы бар. Құзырлы органдар үш жақты комиссия аясында аталған мәселені шешуге атсалысып жатыр,-деді Асанов.

Сонымен қатар ол еңбек даулары мәселесінен бөлек мәселлер бойынша орын алатынын жеткізді.

Жақында біз облыстағы ірі екі кәсіпорында тексеріс жүргіздік. Олар «Жетісу» қан зауыты және Текелі тау-кен өңдеу зауыты. Ол жерде жұмысын тоқтатқандарға төленетін төлем уақыты берілмеген. Кейбіріне демалыс уақыты берілмеген,  тағы бірін демалыста жүрген жерінен келісімінсіз жұмысқа  шақырып алған. Сондай-ақ бұл кәсіпорындардың жұмысы қауіпті болғанына қарамастан жұмысшылар қауіпсіздік құралдарымен қамтылмаған. Басқа да ережелердің сақталмағаны анықталды, олардың барлығы қадағалау актісіне тіркелді және оны орындау жөнінде шаралар қабылданды,-деді ол.

Сөз арасында ол прокуратура қызметкерлерінің көмегімен өткен жылы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылындағы ғылыми-зерттеу институтының 70-ке жуық қызметкері жалақы мәселелерін шешкенін айтты.

БАҚ-та институт қызметкерлері 17 млн теңгеге жуық жалақысын ала алмай жүргені туралы ақпарат тарады. Дереу мемлекеттік кіріс органдарымен салыстыру жұмыстарын жүргіздік. Ол жерде зейнетақы аударымдары болмағаны анықталды. Тиісінше біз мемлекеттік органдарға тапсырма бердік, осылайша олардың жалақылары толық төленді. Сондай-ақ бұл мекеменің жалақыны толық төлеуге мүмкіндігі болды. Біз тексеріп қана қоймай, мұндай жағдайлардың қайталанбауына және алдын алуға көңіл аударамыз, – деді  Асанов.


Фото: дереккөз
Загрузка...