Бас жаңалықтар
Алматы облысы Малайзиямен ынтымақтастықты дамытпақ
09 Қараша 2019, 15:19 228

Алматы облысы Малайзиямен ынтымақтастықты дамытпақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының өңірлік даму орталығы алаңында облыс әкімдігі өкілдері Малайзияның шағын және орта бизнесінің халықаралық сауда ассоциациясы делегациясымен кездесті. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстандық тараптан Қазақстанның Малайзиядағы елшісінің кеңесшісі Серік Әміров, Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев, "Жетісу" ӘКК" ӨДИ" АҚ басқарма төрағасы Талғат Малыбаев, төрағаның бірінші орынбасары Ерғазы Орымбасаров және Алматы облысының өңірлік даму орталығы директорының орынбасары Шыңғыс Мақашев қатысты.

Малайзиялық делегаттарды СМИТА бас директоры Меган Су бастап келді. Делегация құрамында инженерлік, биотехнологиялық, өндірістік және азық-түліктік компаниялардың топ-менеджерлері бар.

Кездесу алдында Алматы облысының жетістіктері туралы "We are Zhetysu" және "Күнді қарсы алған Жетісу" атты роликтер көрсетілді.

Алдымен облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасының басшысы Руслан Қожасбаев сөз алып, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді. Алматы облысының инвестициялық тартымдылығы туралы баяндап, оның табиғи-климаттық, логистикалық жағдайы кәсіпкерлікті дамытуға қандай мүмкіндіктер беретіні жайында айтып берді.

"Жетісу" ӘКК" ӨДИ" АҚ басқарма төрағасы Талғат Малыбаев ӘКК жұмысының негізгі бағыттарына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті:

Біздің корпорация ауыл шаруашылығы, жер қойнауын пайдалану, туризм, жол бойындағы сервис, жасыл энергетика салалары мен индустриалды аймақтарға қолдау көрсетеді. Біз мемлекет пен бизнестің арасында дәнекерміз. Алматы облысында 6 индустриалды аймақ бар, оның Талғар мен Іле аудандарындағы екеуінде ірі инвестжобалар көп. Сондықтан біз жобаларыңызды жүзеге асыруға алаң ұсынуға, іске асыру процесінде қолдау көрсетуге дайынбыз, - деді ол.

Әңгіме барысында малайзиялықтарға жобаларды жүзеге асыру шарттары мен мемлекеттік қолдау шаралары жайлы түсіндірілді.

Өз кезегінде СМИТА бас директоры Меган Су облыс әкімдігіне жылы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді:

Енді біз Алматы облысын Малайзиядағы өзге бизнесмендерге де таныстыратын боламыз. Біздің ұйымымыз шағын және орта бизнеспен ынтымақтастықта жұмыс істейді, сауда миссиясының ұйымында, халықаралық конференциялар мен семинарларда оқыту, сараптама мен қолдау қызметтерін көрсете отырып, олардың әлемдік аренаға шығуына ықпал етеді. Сіздермен өзара әріптестік байланысымызды дамытамыз деп сенемін, - деді ол.

Осы кездесуде малайзиялық өкілдер өңірде жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, құс өсіру салаларында жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық білдіретіндерін айтты.

Екі жақты кездесудің қорытындысында СМИТА мен "Жетісу" ӘКК" ӨДИ" АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында тараптар инвестиция тартумен, іскерлік байланысты дамытумен айналыспақ.



Фото: дереккөз
Загрузка...