Бас жаңалықтар
Алматы мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық фестивальде бақ сынайды
18 Ақпан 2019, 15:12 453

Алматы мемлекеттік қуыршақ театры халықаралық фестивальде бақ сынайды

Алматы, BAQ.KZ. Аталған театр Ресейдің Челябинск қаласында өтетін «СНЕLoВЕК ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетеді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақпан айының 26-сы мен 6 наурыз аралығында өтетін бұл фестивальға өнер ұжымы Ш.Айтматовтың «Ана–жер ана» қойылымымен қатыспақ. Спектакльдің режиссері – Д.Жұмабаева, көркем суретшісі – Ю.Чернова.

«Ана–жер ана» – заңғар жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің желісі бойынша сахналанған, тұтас халықтың қиян-кескі соғыс уақытында шеккен зардабын, жетімдік пен жесірліктің ауырлығын сезіндіретін туынды. Режиссерлік түйін, символизм, актерлік шеберлік, музыка бір үндестікте үйлескен қойылым тек бір ұлттың тағдырын ғана емес, дүниежүзілік соғыс қарсаңында азапты күн кешкен халықтардың ортақ қасіретін арқау етуі көрерменді бей-жай қалдырмайтыны хақ», - делінген хабарламада.

Аталған қойылым 2 наурыз күні, сағат 15:00-де Н.Орлов атындағы академиялық драма театрының сахнасында фестиваль қатысушылары мен қонақтарының, сарапшылардың назарына ұсынылады екен.

Сонымен қатар, өнер ұжымы Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында маусым айының 23 жұлдызы мен 26 шілде аралығында өтетін «КУКАRT» Халықаралық театр фестиваліне шақырту алған. Бұл фестивальде театр репертуарындағы «Ана жүрегі» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) драмалық қойылымымен қатысуды көздеп отыр.

«Ана жүрегі» – бірнеше республикалық, халықаралық театр фестивальдерінен жүлделермен оралып жүрген заманауи театр стилистикасында сахналанған туындының бірі. Кәсіби театр мамандары еліміздің қуыршақ мәдениетін әлемге насихаттайтын туынды деп бағалаған қойылым фестивальде биік тұғырдан көрінеді деген сенімдеміз», - делінген хабаралмада.

Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.

Сізден жаңалық