Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында нәрестелерге арналған патология бөлімі ашылды

24 Желтоқсан 2020, 00:32
1772
Бөлісу:
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында нәрестелерге арналған патология бөлімі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жаңа туған нәрестелерге арналған патология бөлімі ашылды. Енді мұнда шұғыл медициналық көмекті қажет ететін сәбилерге арнап барлық жағдай жасалған, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл ауруханада осыған дейін патология бөлімі болмаған. Аурухана әкімшілігінің мәліметіне қарағанда, осы мекемеде сәбилердің 55% түрлі патологиямен немесе мерзімінен бұрын өмірге келеді. Бұл ретте ауыр босанған аналарды, шала туған балаларды қалалық, облыстық деңгейдегі балалар ауруханаларына, арнайы ғылыми орталықтарға апаруға мәжбүр болатын. Ендігі жерде жедел көмек осы аурухананың жаңадан ашылған патология бөлімінде көрсетіледі.

Патология бөлімінің ашылу рәсіміне қатысқан республикалық педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының төрайымы Риза Боранбаева сөз алып, жақсы жаңалықтың ана мен балаға тигізетін мол пайдасы туралы әңгімеледі.

Перинатология және неонтология саласында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Білікті кадрлар дайындауда еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнаттық. Мұндай қарым-қатынастар өз нәтижесін беруде. Соның бір дәлелін өздеріңіз көріп отырсыздар. Түрлі патологиялық өзгерістермен туған сәбилерді енді ары-бері тасымаймыз. Осындағы перзентхана жанынан алғашқы көмек беретін бөлімнің ашылуы үлкен жетістік. Сол арқылы біз нәрестелердің өміріне төнген қауіпті сейілтеміз, – деді Риза Боранбаева.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы облыстағы ірі медициналық мекеме. Бұл жерге әсіресе облыстың оңтүстік өңірінің тұрғындары көптеп жүгінеді. Ондағы халық саны 1 миллион, 300 мыңнан асады. Осының өзі-ақ ауруханаға артылған жүктің оңай еместігін көрсетіп тұр.

Енді бұл бөлімді көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, медицина ғылымының кандидаты, доцент Қарлығаш Жұбанышева басқаратын болады. Қалған дәрігерлер де шет елдерде білімін шыңдаған білікті мамандар. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу апараттары, жасанды тыныс алу құрылғылары және басқа да құрал-жабдықтар жетерлік. Ана мен бала денсаулығын үнемі өз бақылауында ұстап отыратын облыс әкімі Амандық Баталовқа алғысымыз шексіз. Биыл аурухана жаңа медициналық құрылғылармен толыға түсті, – деді аурухана директоры Эльмира Ахметова.

Жаңадан ашылған бөлім 10 орынға арналған. Онда ем алып жатқан сәбилердің жағдайы туралы аналардың өзі айтып берді.

Нәрестемді жеті айлығында босандым. Туғанда салмағы аз және өте әлсіз болды. Бүгін, міне, оныншы күн, жағдайымыз жақсы. Осындай бөлімнің ашылғанына қуандық, ақ халатты абзал жандарға ризашылығымыз шексіз, – дейді нәрестелі болған ана Назым Сердалиева.

Жаңадан ашылған патология бөлімі сәбилердің өмірін сақтап қалуға, өңірдегі нәресте өлімін азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, осындай ненонаталдық орталық 2018 жылы Талдықорғанда облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанынан 60 орынға арналып ашылған болатын. 



Өзгелердің жаңалығы