Алматы әкімдігі азық-түлікті жеткізу барысы туралы айтты

21 Наурыз 2020, 16:07
1387
Бөлісу:
Алматы әкімдігі азық-түлікті жеткізу барысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық әкімдіктің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев пен Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арлан Қалуетов мегаполистегі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы туралы, бетперделер мен азық-түлікті жеткізу, олардың баға саясаты туралы мәлімдеді. 


Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша,  мегаполисте мейрамханалар мен дәмханалардың, сондай-ақ онлайн-дүкендердің жұмысы күшейтілген. Сонымен қатар қалаға азық-түлік тасымалдайтын жүк көліктеріне "жасыл дәліз" ұйымдастырылды. Жалпы Алматы тұрғындарын тағам өнімдерімен қамтамасыз ету үшін қалалық резервтен қосымша 5 млрд теңге бөлінген.
Бүгінде қалаға сырттан келетін немесе сыртқа шығатын азық-түлік тасымалдаушы көліктер мен логистикалық қызмет түрлеріне "жасыл дәліз" қамтамасыз етілді. Алматыда әлеуметтік маңызды 19 түрлі тауардың түрі бар. Азық-түліктен тапшылық болмайды. Олар тиісті көлемде жеткізіледі. Барлық өнімдер Magnum және Small сауда желілері арқылы сатылады. Жекелеген кәсіпкерлермен бағаны көтермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өз тарапымыздан тұрғындарға азық-түлікті пәтеріне немесе үйіне дейін жеткізіп беруді қамтамасыз ететін механизмді күшейттік, – деді С. Тұяқбаев. 

Кәсіпкерлермен азық-түліктің бағасы және оны жеткізу көлемі туралы осы жылдың маусым айының соңына дейін белгіленіпті.
Бұдан өзге дәріханалардағы бетперде бағасына бақылаудың күшейтілгені де айтылды. Қарапайым бетперденің бағасы 87 теңге деп бекітілсе, көмір фильтрлі бетперде 111 теңгемен сатылуда. Ол үшін Алматыда 48 дәріхана белгіленді. Барлығына бейнебақылау орнатылды. Бейнебақылаудағы жазба бір айға дейін сақталатын болады. 

Айта кету керек, бүгінде қалада фитнес, спа-салондар, сұлулық салондары мен қоғамдық моншалар жұмысын толық тоқтатты. 
Бағаның негізсіз көтерілуі анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Арлан Қалуетов мәлімдеді. Айтуынша,  мегаполисте монополияға қарсы заңнаманы бұзушылық фактілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. 
Біздің департамент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шараларды қолға алды.  Бетперденің бағасын негізсіз көтеру фактілері бойынша департамент тарапынан нарық субъектілеріне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл бойынша бізге келіп түскен шағымдар көп, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы