Алматы кәсіпкерлерін қолдау аясында 55 жоба қаржыландырылды

22 Қыркүйек 2020, 12:37
1285
Бөлісу:
Алматы кәсіпкерлерін қолдау аясында 55 жоба қаржыландырылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов онлайн брифинг барысында ҚР Президентінің Жолдауы аясында ШОБ-ты қолдау шаралары туралы айтты.

Оның айтуынша, мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнесті 6 пайызға дейінгі мемлекеттік субсидиялаумен қамтамасыз етуді тапсырған. Олардың қатарына сауда-саттық, көлік тасымалы, туризм, қоғамдық тамақтану орындары, кинотеатрлар және қонақ үйлер кірген. 

Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап 16 наурыздан 12 ай кезеңін қамтиды. Осы тұрғыда Алматы қаласында кәсіпкерлікті қолдау аясында Қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы іске асырылуда. Осы жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 94 млрд теңге сомасына 55 жоба қаржыландырылды. Сонымен қатар, отандық бизнесті қолдау аясында Алматы әкімдігінің тапсырмасымен өңірлік «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып арнайы порталды іске қостық. Оған қаладағы әр өндіруші компания өз деректерін енгізуге мүмкіндіктері бар, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол «Атамекен» палатасының тағы бір құзыры – индустриялық сертификатын беру екенін айтты.  Осы жылы қаладағы 3 962 кәсіпкерге сертификат куәлігі берілген. Бұл былтырғы көрсеткізпен салыстырғанда 35% артық. 

Оған қоса қаладағы 8 ауданда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлер ол жерде тегін кеңес ала алады. Олар әсіресе бизнес-жоспар жасауға көп жүгінеді, сондықтан палатаның 12 маркетологы жұмыс істеп жатыр. Тек осы жылы біздің кеңес берушілерімізбен 4 млрд 53 млн теңгеге бизнес-жоспар әзірленді. Оның ішінде екінші деңгейлі банктерден 801 млн теңге сомасына 64 жоба мақұлданды, - дейді Нариман Әбілшайықов. 

Сондай-ақ, ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Бастау-бизнес жобасы іске асырылып жатқанын жеткізді. 

Оның негізгі мақсаты – кәсіпкерлік негіздеріне оқыту. Оның аяқтаған соң тыңдаушыларға бизнесін дамытуға 200 АЕК көлемінде грант беріліп отыр. Бүгінде Алматы қаласында маусым айынан бастап бұл жобаны 2 287 тыңдаушы аяқтады. 2020 жыл бойынша алматы қаласына 1 705 грант бөлінген. 327 тыңдаушы қазір кәсібін бастады, - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры.


Өзгелердің жаңалығы