Бас жаңалықтар
Алматыға төмен бағамен ет жеткізіле бастады
21 Мамыр 2020, 13:45 279

Алматыға төмен бағамен ет жеткізіле бастады

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда базардың орташа бағасынан төмен бағамен қосымша ретінде жоғары сапалы ет өнімін жеткізу басталды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Бұл қала әкімдігі мен "Асыл Ет" сауда белгісі бар MPS (Meat Processing and Services) Қазақстан компаниясы арасында жасалған екі жақты меморандумның арқасында іске асырылып отыр.

Қала дүкендерінде аталған өнім белгіленген баға бойынша сатылады. Өлшеніп оралған сиыр еттінің 1 келісі 1950 теңгені құрайды.

Бағаның төмендігі өнімді жергілікті өндірушінің өзі өндіретініне, сондай-ақ делдалдар тізбегінің болмауына негізделіп түсіндіріледі. Бұл ретте, дүкендердің үстеме бағасының шегі жай кездегі 15%-ға қарағанда, бар-жоғы 7%-ды ғана құрайды.

Соңғы 2 айдың ішінде, біз қала бойынша, оның ішінде, жергілікті ауылшаруашылығы өндірушілерімен өзара тығыз байланыста болуымыздың және олардың қол жетімді бағамен ұсынатын өнімінің арқасында сиыр етіне қойылатын бағалардың төмендегенін атап өтеміз. Біз өнімді тікелей жеткізуге және, өз кезегінде, оларды барынша қолдауға дайынбыз, – дейді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Қазір бұл өнім қаланың 150 дүкенінде сатылуда. Жылдың соңына дейін дүкендер санын 1000-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Барлық өнім жан-жақты бақылаудан өтеді және "Халал" стандартын қоса алғанда, халықаралық және экологиялық стандарттарға сәйкес келеді.

Біз өзіміз фермерміз. Малды өзіміз соямыз, өлшеп-ораймыз және "егіннен сөрелерге дейін" тұжырымдамасын нақты түрде іске асыра отырып, дүкен сөрелеріне дейін жеткіземіз, бұл бізге барлық сатыларда өнімнің сапасын бақылауға және сапалы өнім ұсынуға мүмкіндік береді, – дейді MPS ЖШС сату жөніндегі директоры Виктор Бегун.

Етті қайта өңдейтін "Асыл ет" кешені Алматы қаласынан 30 км жердегі Қошмамбет ауылында, Алматы облысының экологиялық таза – Кеген және Қарасай аудандарында орналасқан.

Кәсіпорын, оның ішінде, жем беру алаңы халықаралық стандарттарға сәйкес салынды. Малды сою, барлық санитариялық нормаларды сақтай отырып, жоғары технологиялық заманауи, автоматтандырылған зауытта жүзеге асырылады. Бұдан басқа, кәсіпорында тұтынушылардың ауру жұқтыру тәуекелдерін барынша төмендететін малды және етті тексеруге арналған жеке аккредиттелген зертхана бар.


Фото: дереккөз
Загрузка...