Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

11 Ақпан 2021, 10:08
2714
Бөлісу:
Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты
EX PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 ақпаннан бастап медицина қызметкерлеріне ресейлік «Спутник V» вакцинасын салу жүріп жатыр. Вакцина алған соң қызметкерлер өзін қалай сезінді, қандай да бір жағымсыз әсері болды ма? Осы және басқа сұрақтар бойынша Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының №7 қалалық клиникалық ауруханасында болып, медицина қызметкерлерінің пікірін білген едік.

Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының №7 қалалық клиникалық ауруханасының Эпидемиологиялық қауіпсіздік және инфекциялық бақылау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Салтанат Үмбетәлиева вакцина салдырған соң кейбір қызметкерлердің дене қызуы көтеріліп, тағы бірінде қызару сияқты жеңіл әсері болғанын айтады. 

Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

Бұл белгілер әр адамның ағзасына, иммунитетіне қарай болатын құбылыс. Қазір барлығы өзін жақсы сезінуде. Вакцинаны алғашқы кезеңі бойынша аурухананың инфекциялық бөлімшесі, қабылдау бөлімі, реанимация және поликлиниканың фильтр бөлімінің қызметкерлері салдырды. Келесі кезең бойынша басқа бөлімше қызметкерлері алады, үшінші кезең бойынша күзетшілер, есепші және тағы басқалары вакцинаны салдырады, - дейді ол. 

Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

№7 ауруханада «Спутник V» вакцинасын 50 медицина қызметкері алады деп жоспарланған. Алайда екпеге қарсы белгілері анықталу себепті 14 адамға вакцина салынбай, кейінге қалдырылған. Тек 36 адам ресейлік вакцинаны салдырыпты. 

Мамандар жаппай екпе салуды қолдайды. Өйткені бұл адам ағзасында вирусқа қарсы антидене түзіп, коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптастырады деп санайды. 

Алматы қаласы №7 қалалық клиникалық ауруханасына қарасты поликлиниканың мобильді тобының терапевт дәрігері Гүлназ Баянқызы қызыл аймақта жұмыс істеп жатыр. Ол коронавирус белгілері анықталған науқастармен тікелей жұмыс істейді. Ресейде жасалған вакцинаны ол да алғашқылардың бірі болып салдырыпты. 

Тәуекел тобына жататындықтан «Спутник V» вакцинасын алғашқылардың бірі болып өз еркіммен қабылдадым. 21 күннен кейін екінші кезең бойынша тағы екпе салдырамыз. Вакцинадан кейін менде ешқандай кері әсер байқалмады. Кейбір адамдардың дене қызуы көтеріліп, денесі сыздапты, менде ондай белгі болмады. Қазір барлығымыз вирус тараған ортада жүрміз, сондықтан вакцинаны жаппай қабылдау керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана бұл қауіпті індетті жоя аламыз, - дейді ол. 

Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

Қала тұрғындары бойында коронавирусқа ұқсас белгі болса, осы мобильді топтың көмегіне жүгінеді екен. 

Біз терапевт ретінде шақыртуға барамыз. Негізінен ЖРВИ, пневмония, бронхит, дене қызуының көтерілуі, жөтел бойынша түскен шақыртуға барамын. Бұл науқастар арасында ковидтің болу тәуекелі жоғары. Осындай белгімен шақырту түскенде алдымен үйіне барып тексереміз, тамағын көремін, температурасын өлшеп, өкпесін тыңдаймыз. Толық тексеріп болған соң ауру түріне қарай ем-шарасын жазып беремін. Соңында ПТР тестке талдама аламыз, яғни тамақтан жағынды алынады. Егер қатты аурып тұрса сол жерде жедел жәрдемді шақырып, жұқпалы аурулар ауруханасына жібереміз. Коронавиурс анықталса науқас үйінде оқшауланады, егер қатты ауырып, мазасы кетсе, барып тексереміз. Ал жеңіл түрі болса, қашықтан, телефон арқылы жағдайын бақылап отырамыз. Консультация онлайн түрде беріледі, - дейді Гүлназ Баянқызы. 

Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

Сонымен қатар, ол шақырту көбінде 60 жастан асқан адамдардан көп түсетінін айтады. Егде жастағы адамдар арасында жөтел, ентігу көп болатын көрінеді. Жалпы пандемия басталғалы адамдар емханаға көп жүгінетін болған. Кішкене жөтеліп, түшкірсе болды «мен коронавирус болып тұрған жоқпын ба?» деп телефон шалып жатады екен. 

Соңғы апталарда, яғни ақпан айынан бастап коронавирус белгісімен шақыртатындар саны азайды. Дегенмен вирус әлі ортамызда, күз мезгілімен салыстырғанда қазір науқастар қатары көп, сондықтан тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес беремін, - дейді терапевт. 

Жазды күні коронавирустың таралуы өршіп тұрған кезде №7 ауруханада бірнеше инфекциялық бөлімше ашылған. Қазір мұнда инфекциялық бір бөлімше ғана жұмыс істеп тұр. Онда өзге ауру түрімен түскен, бірақ тексеріс кезінде вирус анықталғандар жатады екен. 

Алматы дәрігерлері вакцинадан кейінгі әсерлерін айтты

Аталған аурухананың Эпидемиологиялық қауіпсіздік және инфекциялық бақылау жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Салтанат Үмбетәлиева ауруханадағы инфекциялық бөлімде қазір 8 науқас ем қабылдап жатқанын айтады. 

«Инфекциялық бөлімшеге қолы, аяғы сынған, инсульт, соқырішек және басқа да аурумен келіп түскен, бірақ тест алғанда вирус анықталған науқастар жатқызылады. Оларды вирусы жоқ адамдармен жатқыза алмаймыз ғой. Сондықтан науқасты ауруханаға жатқызатын жағдай болса олардан тест алынады, егер вирус анықталса, инфекция бөліміне жатқызылады. Қазір аурухананың бұл бөлімінде 8 науқас жатыр. Бөлімшеде 30 төсек-орын бар. Аурухананың әр бөлімінде фильтр тағайындалған, сол жерде ковидке тестілеуден өтеді. Науқастардың барлығына ПТР тест тегін жасалады. Біздің емхана мен инфекциялық балалар ауруханасы арасында келісім бар, ал стационарымыз «Олимп» зерттеу орталығымен келісім жасасқан», - дейді ол. 

Айта кетсек, вакциналаудың алғашқы кезеңі бойынша Алматыға Ресей Федерациясында жасалған «Спутник V» вакцинасының 2050 дозасы жеткізілген. Ол тәуекел тобына жататын медицина қызметкерлеріне салынып жатыр. Қазір Алматыда 1,5 мыңдай адам осы вакцинаны салып үлгерген.
     


Өзгелердің жаңалығы