Алматы қаласының даму стратегиясы тұрғындардың талқылауына ұсынылды

13 Қараша 2019, 04:11
2499
Бөлісу:
Алматы қаласының даму стратегиясы тұрғындардың талқылауына ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматының даму стратегиясының ұзақ мерзімді жобасы сарапшылар мен жұртшылықтың қатысуымен әзірленуде. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың шаһардағы сарапшылық қауымдастығы және қоғамдық кеңестің кеңейтілген құрамдағы мүшелерімен кездесуінде белгілі болды. 

Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, алқалы жиын қаланың дамуына қатысты құжаттық жобалардың жұртшылық және сарапшылармен талқылауды құп көретін қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес өтті. Онда "Алматы-2050" стратегиясының жобасы талқыланды. 

Бұл қала дамуының басты басымдықтарын қамтитын негізгі құжат. Ұзақ мерзімді мақсаттарды анықтауда сіздердің пікірлеріңіз біз үшін өте маңызды. Бәріміз біріксек, қала үшін қажет ұзақ мерзімді әрі оңтайлы шешімдер табарымыз сөзсіз, - деп атап өтті Ержан Бабақұмаров.

Жиында қаланың Қоғамдық кеңесінің сарапшылары мен өкілдері жаһандық және өңірлік бәсекелестік, инфрақұрылым мен көлік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау мен экология, адами капиталды дамыту сияқты стратегиялық даму бағыттары бойынша пікір алмасты. 

Өз ұсыныстарын саясаттанушы, ЖБҰК мүшесі Айдос Сарым, Kazakhstan Growth Forum ұйымдастыру комитетінің төрағасы Елдар Әбдіразақов, қаржыгер және кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев, қоғам белсендісі Ерлан Нұрпейісов, мониторинг жөніндегі маман Маржан Айтжанова, халықты қоныстандыру саласындағы сарапшы Аида Әлжанова, көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы сарапшы Елена Ерзакович, экология жөніндегі консультант Жарас Тәкенов, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» ҚҚ директоры Меруерт Махмутова білдірді. Бұдан өзге аталған құжаттың жобасына Мамандық таңдау орталығының басшысы Жантөре Кәрімовтің, Қоғамдық кеңес мүшесі Бекнұр Кисиков, саясаттанушы әрі тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтпаев, ТЖ кезінде өзін-өзі ұйымдастыру саласындағы сарапшы Тимур Почановтың ұсыныстары енгізілді.

Жиынды қорытындылаған Ержан Бабақұмаров бұл кездесудегі диалогтың конструктивтілігіне ерекше тоқталды. 

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес стратегия жобасы жақын арада қала тұрғындарының талқылауына шығарылады. Сарапшылар мен алматылықтардан келіп түскен ұсыныстар жұмыс тобының отырыстарында талқыланады. Сонымен қатар, құжаттың жобасы барлық диалог алаңдарында, соның ішінде мәслихатта, қоғамдық және іскерлік кеңестерде талқылауға ұсынылады.

Өзгелердің жаңалығы