Бас жаңалықтар
Алматы: Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 27 мыңнан астам адам жүгінген
04 Маусым 2020, 15:04 108

Алматы: Жұмыспен қамту орталығына жыл басынан бері 27 мыңнан астам адам жүгінген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, жұмыс іздеген 13 500 адам қазір жұмыспен қамтылған. Оған елімізде іске асырылып жатқан  "Жұмыспен қамту жол картасы" септігін тигізген.
Осы бағдарламаның арқасында Алматыда 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс пайда болды. Жоспар бойынша бізде 26 мыңдай жаңа жұмыс орны пайда болады деп отырмыз. Оның ішінде бұрыннан жұмыссыздар қатарында тұрған 13 мың адам осы жұмыс орындарымен қамтылады. Бұл негізінен құрылыс саласының мамандары. Бізде кафель жабыстыратын, дәнекерлеуші сияқты мамандықтарға сұраныс жоғары. Олардың орташа жалақысы 80-120 мың теңге аралығында, - деді ол. 
Сонымен қатар, ол қалада "Еңбек" бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Оның бірінші бағыты бойынша кәсіптік оқыту жүргізіледі екен.
Қазір Алматыда 1,5 мың адамды оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік оқулар бар. Ол жерде 9 бен 11 сыныпты бітірген түлектер, жоғары оқу орнынан түсе алмаған жастар білім ала алады. Ол бойынша биыл 2 500 адамды қамтамасыз етеміз. Қазір құжат қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді Данияр Әлкебайұлы. 
Жаңа бизнес ашамын деушілерге гранттар да бөлінген. Биыл қала бойынша 706 қайтарылмайтын грант бөлініпті. Әр адамға берілетін гранттың сомасы 555 мыңнан асады. Яғни өзінің бизнес жоспарын комиссия алдында сәтті қорғап шыққандарға осы гранттар беріледі. 

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, қалада 700 мыңнан астам адам кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп жатыр. Төтенше жағдай кезінде олардың басым көпшілігі жұмыссыз қалған.
Қазір "Жұмыспен қамту жол картасы" және "Еңбек" бағдарламасы аясында қаламыздағы кәсіпкерлерге көмек қарастырылып отыр. Әлеуметтік жұмыс, жастар тәжірибесі бойынша кәсіпкерлеріміз өзіне қажетті мамандықтарды иегіп жатыр. Қоғамдық жұмысқа тарту бойынша былтыр қаламызға 2,5 мың квота берілсе, биыл оның саны 15 мыңға көбейді. Жыл соңына дейін кәсіпкерлердің қызметкерлерін жұмысқа алып, ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар, - дейді Нариман Әбілшайықов.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...