Алматы адвокаттары құқықтарының бұзылып жатқанына алаңдайды

21 Қаңтар 2019, 17:50
2347
Бөлісу:
Алматы адвокаттары құқықтарының бұзылып жатқанына алаңдайды

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Бүгін Республикалық адвокаттар алқасы және Алматы қаласы адвокаттар алқасы жанындағы Адвокаттар құқығын қорғау комиссиясының өкілдері баспасөз мәслихатын өткізіп, адвокаттарға сот, құқыққорғау органдары, прокуратура тарапынан қысымдар көбейіп кеткендігін айтып, алаңдаушылық білдірді.

Алматылық адвокат Айман Омарованың айтуынша, қазір адвокаттарға сот, құқыққорғау органдары, прокуратура тарапынан көрсетілетін қысымдар көбейіп кеткен. Сондай қысымға тап болған адамдардың бірі адамдар құқығын қорғаумен айналысып жүрген Алматы қаласының адвокаты Юрий Дюжиков екен.

«Егер адвокаттың құқығы бұзылса көптеген адамның құқығы бұзылды деп санауға болады. Осы сөздерімізді Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асанов мырзаға, Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа жеткізгіміз келеді. Өйткені бұл тек Юрий Дюжиковың жеке мәселесі емес, бүкіл адвокатураның және халықтың мәселесі. Егер адвокаттардың құқығы бұзылса адамдар оларға сенуден қалады. Бұдан сыбайлас жемқорлыққа жол ашылып, адамдардан бірден прокуратураға, сотқа жүгініп, солармен келісімге келудің жолын іздеуге көшеді», -дейді адвокат.

Адвокат құқықтарын бұзудың айқын бір мысалы ретінде Алматы қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Юрий Дюжиковпен байланысты оқиғаны келтірді. Мойындау түсінігін алу мақсатында Алматы қаласы прокуратурасы тергеу тобының Юрий Дюжиковтың қорғалушысына психологиялық қысымды қолданғандығы жөнінде Юрий Дюжиков 2018 жылдың 14 желтоқсанында шағым түсірген. Бұған жауап ретінде Алматы қаласы прокуратурасы оны сол күні іске қатысу мүмкіндігінен шеттетіп тастапты.

Оның үстіне дәл сол қылмыстық іс аясында оны куәгер ретінде тергеуге де тырысқан.

«Алматы қаласы прокуратурасы тергеу тобы менің қорғаушыма психологиялық қысым көрсетіп, қылмысты мойындауын және адвокаттан бас тартуын сұраған. Сол күні мені бұл істен шеттетіп тастады. Бұны мен заңсыз деп санаймын. Олар маған тергеу тобының жұмысына кедергі келдірдің деген айып тағып отыр. Сондай-ақ олар мені осы қылмыстық іс аясында куәгер ретінде тергеуге тырысты. Мен бұның барлығы заңға сай емес екендігін айтқан соң тергеу әрекеттерін доғарды», -дейді адвокат Юрий Дюжиков.

Адвокат Аманжол Мұхамедияров қазір өкінішке қарай адвокаттардың да қорғауды қажет етіп отырғанын жеткізді.

«2017 жылы Республикалық адвокаттар алқасы Адвокаттар құқығын қорғау комиссиясын құруына тура келді. Бұл неге байланысты десеңіздер адвокатарды әкімшілік жауапкершілікке, қылмыстық жауапкершілікке тарту жиілеп, олардың құқықтары бұзыла берді. Қазіргі уақытта бұл комиссия адвокат Юрий Дюжиковтың құқығын қорғаумен айналысуда. Өйткені оған қатысты жасалған әрекетте заңсыз деп танимыз. Сайып келгенде адвокатсыз қалған оның қорғалушысы зардап шегуде», -дейді ол.

Әділет МҰСАХАЕВ
Өзгелердің жаңалығы