Алматыға маусымда 900 мыңға жуық дәрі жеткізілді

13 Шілде 2020, 13:03
1413
Бөлісу:
Алматыға маусымда 900 мыңға жуық дәрі жеткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты өткен онлайн брифинг барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев айтты.

Соңғы екі күнде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осыдан 2-3 апта бұрын пандемияның өршуіне байланысты дәріханаларда дәрі-дәрмекке деген сұраныс артқан болатын. Мысалы, қала бойынша мамыр айында 50 мың парацетамол сатылса, маусым айының басында күніне 100 мың данаға дейін сатылды. Одан бөлек, термометр былтыр жыл көлемінде 100 мың ғана сатылған болса, биыл екі-үш күн ішінде елу мыңы сатылып кетті. Біз дер кезінде шара қолданып, 105 дәріхана және еліміздегі негізгі дәрі өндірушілері мен шет елден дәрі алып келетін компаниялармен арнайы келісімшартқа отырып, дәрі мәселесін тұрақтандырған болатынбыз. Келісімшарт негізінде бір адамға 3 қорап дәріден артық сатпау, дәрі бағасын бақылау, қай жерде дәрі тапшы болса, сол жерге жеткізіп беру мәселелері қаралды. Бұл бойынша күніне екі рет мониторинг жасап отырмыз. Бастапқы кезде логистикалық компаниялар, дәріханалар мұндай сұранысқа дайын болмаған еді. Бірақ, ол кәсіпорындардың да дер кезінде қабылдаған шаралары арқасында ол мәселе шешіліп, соңғы бір аптаның көлемінде дәріханаларда ажиотаж байқалмайды, - деді ол.
Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, қазіргі таңда сұраныс дер кезінде орындалып отыр. Мысалы, кешегі көрсеткіш бойынша қаладағы 105 дәріханада бір күнде сатылған дәрі саны – 12 249 дана. Екі апта бұрынғы көрсеткіш бұдан 10-15 есе жоғары болатын.
Маусым айынан бастап 900 мыңға жуық дәрі жеткізілді. Қазір біз дәріханалар қоймасындағы дәрі қорына мониторинг жасап отырмыз. Кешегі кешкі ақпарат бойынша, 846 мың дана дәрі бар. Алдымыздағы бір айдың көлемінде 3 миллион 685 мың дәрі жеткізу бойынша келісімшарт жасалған. Бүгінде 3 борт жеткізілді, тағы 2 ұшақтың келуін күтіп отырмыз. Оның бәрі кестеге сай жүргізілуде. Бұдан бөлек, осындай жағдайға тағы жол бермес үшін әкімдіктің шешімімен жалпы сомасы 5 миллиард теңге қаржы бөлініп, тұрақтандыру қоры құрылды. Үш ірі компаниямен келісімшарт жасалды. Бүгін-ертеңнен бастап дәрі-дәрмек тапшылығы бола қалған жағдайда тұрақтандыру қоры аясында нарыққа жеткізіп беруге барлық мүмкіндік бар. Бұл тұрақтандыру қоры 55 дәрі түрін қамтамасыз етеді. Жалпы, жыл соңына дейін 10 млрд-тан астам дәрі-дәрмекке келісімшарт жасаудамыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы