Әлия Назарбаева әкімдіктер мен қоғам қайраткерлерін ағаш отырғызуға шақырды

6 Желтоқсан 2021, 18:25
1163
Бөлісу:
Әлия Назарбаева әкімдіктер мен қоғам қайраткерлерін ағаш отырғызуға шақырды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары кеңесінің төрағасы Әлия Назарбаева «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының 17-ші еңбек маусымының республикалық жабылу салтанатында айтты.

Кеңес төрағасы Әлия Назарбаева биылғы жылдың жетістіктерін атап өтті. 

Оның айтуынша, 2021 жылдың 5 сәуірінде өткен кеңестің І отырысынан кейін ұйымның алдында Шымкенттегі «Жасыл ел»  қызметін қаржыландыру және «Жасыл елдің» медиа бойынша жұмысын күшейту міндеті тұрды.

Әлия Назарбаева екі тапсырманың да ойдағыдай орындалғанын баяндап, аймақтық штаб өкілдеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтты. 

Біріншіден, атқарылған жұмыстар үшін аймақтық штабтарға алғыс айтқым келеді. Кеңестің бірінші отырысының қорытындысы бойынша Шымкент қаласындағы «Жасыл ел» штабының жұмысына бюджеттік қаражат бөлу және ұйымның қызметін медиасалада насихаттау міндеттері алға қойылған болатын. Осылайша, қазір  табиғатты қорғауға арналған Jasyl el анимациялық фильмдері көрсетіліп жатыр. Бұл арқылы біз балалармен қатар ата-аналарын да қамтимыз. Екіншіден, жоба балалардың санасында экологиялық әдеттердің қалыптасуына әсер етеді. Бала кейіпкерлердің оқиғаларын бірге бастан кешіреді, шешім табуды үйреніп, эмоционалдық интеллектері дамиды, - деді Әлия Назарбаева.

Төрайым сондай-ақ Jasyl el ағаштарды онлайн отырғызу жобасының басталғанын атап өтті және аталмыш жобаға әкімдіктер тарапынан ақпараттық- ұйымдастырушылық қолдау қажет екенін айтты. 

Сонымен қатар Әлия Назарбаева Кеңес мүшелерін, кәсіпкерлерді, қоғам қайраткерлерін және Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының серіктестерін жобаға қатысуға шақырды.

Шара жастарды біріктіруге бағытталған. Сондай-ақ жастардың қоғамдағы пайдалы еңбекке деген оң көзқарасын және табиғат пен қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.

Басты мақсат – 17-ші жұмыс маусымының қорытындысын шығару «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының үздік өкілдерін номинациялар бойынша марапаттау.

«Жасыл ел» қозғалысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылы ұйымдастырылды. Осы тұста елордада жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы құрылып, оның филиалдары еліміздің барлық аймағында пайда болды. Бүгінде «Жасыл ел» еліміздің жастар саясатын жүзеге асырудағы ең қуатты тетіктердің бірі болып есептеледі.

Өзгелердің жаңалығы