Әли Бектаев: Ауыл шаруашылығы саласында проблема жетерлік

27 Қазан 2020, 11:43
2664
Бөлісу:
Әли Бектаев: Ауыл шаруашылығы саласында проблема жетерлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Қазақстан АӨК (агро-өнеркәсіп кешені) қауымдастықтарының альянсы және «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бірлесіп, «АӨК-ті дамытудың жаңа бағдарламасының тұжырымдамасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларға тоқталды.

Бүгінгі жиында талқыланар негізгі тақырып – ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығындағы проблемалар, ауыл шаруашылығының болашағы. Салада проблема жетерлік. Соның ішіндегі ең үлкені – аграрлық секторды дамытуға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп жатыр, әр үш жыл сайын бағдарлама қабылданады, сол бөлініп жатқан қаржы қаншалықты тиімді? Ол ауыл шаруашылығын дамыту үшін қажетті деңгейде пайдасын тигізіп жатыр ма? Егер беріп жатқан жоқ болса, себебі не? Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану деңгейі қандай? Біз ауыл шаруашылығы жерлерін толық игеріп, тиісті көлемдегі өнімді алып жатырмыз ба? Біздің экспорттық потенциялымыз өте үлкен деп жатамыз, алайда, ол үшін біздің өндіретін өніміміз көп, органикалық жағынан таза болуы керек. Бұл ретте жеріміздің құнарлылығы қаншалықты? Үшінші үлкен мәселе – су шаруашылығы. Біз өзге елдермен салыстырғанда, ауыл шаруашылығына қажетті ағын суы аз мемлекеттердің біріміз. Сондықтан суды, суғару жүйелерін пайдалану деңгейі қандай? Суармалы жерлерді кеңейтудің жағдайы қалай? Оны кеңейту үшін қандай шараларды қарастыру керек? Аграрлық сектордағы тағы бір үлкен мәселе – мал шаруашылығы. Ол ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі кәсібіміз. Бізде жайылым жерлер де, мал да көп болған. Соған қарамастан, мал шаруашылығы деңгейі төмен. Сарапшылардың айтуынша, бізде көршілес Қытай мен Ресейге тек сиыр етін экспорттаудың өзі 5 млрд доллардан асады екен. Бұл астықтың экспорт көлемінен де артық деген сөз. Яғни, басқа мал түрін қоспай, тек сиыр етін экспорттау арқылы талай пайда көруге болады, - деді ол.

Партия төрағасы, сонымен қатар, кезекті проблема ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында жатқанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімдердің 40% ғана қайта өңделеді екен.

Егер Президентіміз «ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының драйверіне айналуға мүмкіндігі бар» деп жатса, оның негізгі себебі осында жатыр. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдей отырып, экспорттық потенциалымызды қайта пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын, шынында да, экономиканың драйверіне айналдыруға мүмкіндігіміз бар, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы