70 млрд теңге қажет: Біртанов Орталық Азиядағы алғашқы онкология орталығы салынатынын айтты

21 Қазан 2019, 18:09
4887
Бөлісу:
70 млрд теңге қажет: Біртанов Орталық Азиядағы алғашқы онкология орталығы салынатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін сенаттағы үкімет сағатынан кейін ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов тілшілерге келесі жылы Орталық Азиядағы алғашқы протонды терапия орталығының құрылысы басталатынын айтты. 

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық ғылыми онкологиялық орталық құрылысының ведомствоаралық жол картасы бекітіліп, жұмыс басталып кеткен.

"Орталықты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін әлеуетті инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығының құрылысының кешеуілдеуіне байланысты сын да айтылды. Былтырдан бастап, жобаның негізгі параметрлерін қайта қарап, салатын жерімізді анықтадық. Бұл орталық бұрынғы медициналық холдингтің орнына салынады", – дейді Елжан Біртанов.

Ол 7 маусымда Қазақстан үкіметінің қаулысымен құрылыс жұмыстары мен инжинирингтік қызмет көрсететін екі халықаралық компания анықталғанын, келісімшарттар жасау тәртібі жүргізіліп жатқанын еске салды.

"Жобаның жалпы құны 70 млрд теңгені құрайды. 2019 жылы орталықты жобалауды аяқтауға және құрылысын бастауға 13 млрд теңге қарастырылған. Емдеу корпусының құрылысын 2020 жылдың соңында аяқтаймыз деп отырмыз. Ал протонды терапия орталығының құрылысы 2021 жылы бітеді деп жоспарланған. Бұл орталықта шағын ісіктерді жаңа технология бойынша емдейді", – дейді министр.
Өзгелердің жаңалығы