Бас жаңалықтар
Алғаш рет қазақстандық ЖОО-ның бағдарламасы беделді сертификацияға ие болды
26 Қаңтар 2021, 18:11 181

Алғаш рет қазақстандық ЖОО-ның бағдарламасы беделді сертификацияға ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл - Қазақстанның жоғары білім беру тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университеті Орталық Азияда  алғашқы болып CFA ®️-ге қосылды және бакалавриат  бойынша аталған институттың әріптестік бағдарламасына қатысушы атанды. 

Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, білім беру бағдарламасының мазмұнын терең талдай келе, институт сарапшылары KAZGUU-дің «Қаржы» бакалавриаты бағдарламасы CFA Level 1 кәсіби сертификаттау мазмұнын 91%-ға жабатынын атап өтті.  

Қазақстан халқының белгілі бір бөлігінде жинаған ақшасы бар. Бірақ инвестициялаудың құралдары өте аз. Көріп отырғанымыздай, олар жылжымайтын мүлік нарығына белсенді түрде инвестиция салуда. Бұл әрекеттері тұрғын үй бағасының өсуіне әкелуде. Сондықтан нарыққа инвестициялау саласында сауатты  жұмыс істей алатын  білікті мамандар қажет, - дейді KAZGUU Экономика жоғары мектебінің директоры Сәуле Кемелбаева.

Институттың әріптестік бағдарламасы қатысушылары арасында АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Австралия, Гонконг және Еуропа мен Азияның бірқатар елінің беделді университеттері бар.

CFA - қаржы саласындағы ең беделді сертификация болып табылатыны кездейсоқ емес. Өйткені аталған сертификацияға ие адамдар (holders) әлемде, әсіресе, Қазақстанда аз. Бұл ұлттық және халықаралық компанияларға жұмысқа орналасуға бірегей мүмкіндік ұсынатын өте күрделі және кең құзыретті сертификаттау компаниясы. Олар біздің үздік студенттерімізге сертификат емтиханын тапсыруы үшін жыл сайын стипендия алу құқығын да беріп отыр, - дейді Сәуле Кемелбаева.

Айта кетейік, CFA Institute - 1963 жылдан бастап жұмыс істейтін инвестиция саласындағы кәсіпқойлардың жаһандық қауымдастығы. Аталған бағдарлама бүкіл әлемдегі қаржы талдаушылары мен консультанттарының және басқа да инвестициялық мамандардың дағдылары, адалдығы мен құзыреттілігінің стандарттарын белгілейді. Бұл инвестициялау саласындағы ең қатаң сертификаттау бағдарламасы болып саналады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...