Әлеуметтік жәрдемақылар кешіктірілмейді - министрлік

9 Қаңтар 2022, 09:01
1785
Бөлісу:
Әлеуметтік жәрдемақылар кешіктірілмейді - министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттің 2022 жылға көзделген барлық әлеуметтік міндеттемелері белгіленген мерзімде толық көлемде орындалатынын хабарлады. 

Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы мөлшері 7% - ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 5%-ға ұлғайды. Бұл шара 4,5 миллион алушыға қатысты болады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 41%-ға, 42 500-ден 60 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Осының арқасында шамамен 1 млн 650 мың жұмыскердің ақшалай кірістері өседі. 

Биылғы 8 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың шоттарына 176,8 млрд теңге аударылды. Осы жылғы қаңтарда зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге көзделген барлық қаражат екінші деңгейлі банктердің жұмысын қалпына келтіру кезінде белгіленген тәртіпке және бекітілген кестеге сәйкес алушылардың шоттарына түседі. 

Сонымен қатар, 2021 жылдың 4-тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек алған азаматтарға төлемдер Төтенше жағдай режимінің қолданылуына байланысты биылғы 1-тоқсанына автоматты түрде ұзартылатын болады, бұл шара 88 мың отбасын немесе 432 мың адамды қамтиды. 

Қайта куәландыру мерзімі басталатын мүгедектігі бар адамдарға бұрын белгіленген тобы бойынша мүгедектік Төтенше жағдай режимінің қолданылу уақытына ұзартылатын болады. Бұл шара 2700 адамды қамтиды.

Өзгелердің жаңалығы