Бас жаңалықтар
Әлемдегі 2,6 млрд адам қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алды
18 Сәуiр 2019, 12:37 386

Әлемдегі 2,6 млрд адам қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологиясы 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындарына, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Бұл туралы ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева аударылған антологияның таныстырылымы кезінде айтты.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға жауапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаеваның айтуынша, «Рухани жаңғыру» аясында елімізде бұрын-соңды болмаған рухани серпіліс болды. Соның бірі «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. 



«Бұл жобаның мақсаты – еліміздегі әдебиет пен мәдениетті, музыка мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр өнерінің ең озық туындыларын әлемге таныту. Біз осылардың ішінде алдымен көркем әдебиетті таныстыруды қолға алдық. Яғни, қазіргі қазақ әдебиетінің озық туындыларын БҰҰ-ның 6 тіліне сөйлетуге тырыстық. Қазақ әдебиетінің 2 томдық антологиясы ағылшын, араб, испан, орыс, қытай және француз тілдеріне аударылды», - деді ол.  

Сонымен қатар ол, аударылған антологияға 160 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары енгенін және олар әлемнің 90 еліне жеткізілетінін айтты.

«Бұл туындылар сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындарына, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Бір сөзбен айтқанда 2 миллиард 600 миллион адам қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алды. Ағылшын тіліндегі нұсқасы 17 мемлекетке, араб тіліндегі нұсқасы Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 елге, испан тіліндегі нұсқасы Испаниядан бөлек Латын америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі туындылар 1,5 млрд халқы бар Қытайдың барлық өңірлеріне таралады. Ал орыс тіліндегі нұсқасы 14 мемлекетке, француз тіліндегісі 17 елге жеткізіледі», - деді ол. 



Сондай-ақ ол, бұл жобаны ұйымдастыру жұмысы ерекше болғанын да айтып өтті.

«Ең алдымен баспа, көркем аударма саласындағы ең тәжірибелі мамандар таңдап алынды. Шетелдік аудармашылар Қазақстанға келіп, еліміздің салт-дәстүрі, мәдениетімен танысты. Бұл сапарлар олардың қазақ мәдениетін және шығармалардың мазмұнына терең үңілуіне жол ашты», - деді Аида Балаева. 

Аталған туындыны ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асырылған. Ал, испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, «Сервантес институтының» кеңесі бойынша кітаптарды басып таратуға әдеби аудармаларға маманданған «Visor» баспасы жауапты болыпты. 

«Қазақ әдебиеті жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратуға Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» жауапты болды. Ал, араб тіліне аударуға Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығының қолдауымен Таяу шығыс елдеріне танымал «MediaHub» баспасы таныстрды», - деді Аида Балаева. 

Еске салсақ, жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінң тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылып отыр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 ресми тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологиясының алғашқы нұсқалары таныстырылды.



Фото: автордан

Сізден жаңалық