Әлем жұлдыздары Навальныйды жақтап, Путинге хат жолдады

18 Сәуір 2021, 10:10
1698
Бөлісу:
Әлем жұлдыздары Навальныйды жақтап, Путинге хат жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Францияның Le Monde басылымы және британиялық The Economist журналы әлем жұлдыздарының Владимир Путинге жазған ашық хатын жариялады. Онда танымал адамдар колонияда отырған оппозиционер Алексей Навальныйға қажетті ем көрсетуді сұраған.

Оның мәтінін Meduza аударды.

Президент мырза, біз сізге хат жазып отырған кезде Алексей Навальный Ресей түзету мекемесінде (Покров қаласындағы № 2 колонияда) жазасын өтеп жатыр. Көптеген адвокат пен құқық қорғаушының сөзінше, ол ең қатал түрме деп сипатталған. Оның денсаулығы нашарлап барады және оған шұғыл медициналық көмек қажет. Навальный мырзада ауыр неврологиялық бұзылыстардың клиникалық белгілері байқалады. Соның салдарынан арқасын ауырсыну мазалайды. Аяқтары мен қолдарындағы сезімталдығы жоғалып барады. Сондай-ақ ол қатты жөтел мен жоғары температурадан зардап шегеді. Ол өзін емдейтін дәрігерді таңдағысы келді, емделуін сұрады. Бұл кез келген Ресей азаматының заңды құқығы. 30 наурызда оның өтініші қабылданбағаннан кейін ол наразылық білдіріп аштық жариялады. Президент мырза, Навальныйға дереу медициналық кеңес алып, тиісті ем қабылдауына мүмкіндік беруіңізді сұраймыз. Президент етіп сайланған басшы ретінде және елдегі заңның кепілі ретінде сіз осы құқықтың сақталуын қамтамасыз етуіңіз керек, - делінген хатта.

Ұжымдық үндеуге батыс мәдениетінің 78 қайраткері қол қойды. Оның ішінде режиссер Джей Джей Абрамс, актерлер Бенедикт Камбербэтч, Джуд Лоу, Дэвид Духовны, Ванесса Редгрев, Radiohead тобының жетекшісі Том Йорк, суретші арт Шпигельман және әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының бес лауреаты - Светлана Алексиевич, Джон Максвелл Кутзее, Луиза Глюк, Герта Мюллер, Орхан Памук, Жазушылар Джоан Роулинг және Салман Рушди және басқа да көптеген атақты адам бар.

15 Сәуірде Навальныйдың емдеуші дәрігерлері де ашық хат жазды. Олар саясаткерді тексеруді сұрады. Айтуынша, оның медициналық талдауларында теріс динамика байқалады.

Науқаста бүйрек жеткіліксіздігі дами бастады. Соның салдарынан ауыр метаболикалық бұзылыстар пайда болды... Тиісті ем қабылдамаса, одан әрі жүрек-қантамыр жүйесінің ауыр патологиясына шалдығып, жүрек ұстамасына дейін ұшырауы мүмкін, - делінген хатта.

Жақында саясаткердің Instagram-дағы парақшасында хабарлама жарияланды. Онда аштық жариялаған Навальный колония қызметкерлері оны мәжбүрлеп тамақтандыруға көшуге дайын екенін айтты. 

Айта кетейік, саясаткер 18 күн бойы аштық жариялады. Осы уақыт аралығында оған дәрігердің кіруіне рұқсат бермеді.

Өзгелердің жаңалығы