Бас жаңалықтар
Әлем садақшылары елорда төрінде жиналады
21 Мамыр 2019, 19:10 417

Әлем садақшылары елорда төрінде жиналады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында Жамбы атудан өтетін «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында дүниежүзінің айтулы мергендері бақ сынайды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасы.

Қазіргі кезде дүбірлі додаға әлемнің 20 мемлекетінің үздік мергендері қатысатындарын растаған. Оның ішінде Орталық Азия елдерінен өзге Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Венгрия және т.б. мемлекеттердің өкілдері бар. 


Бұған дейін Жамбы атудан «Алтын жебе» бәсекесі Елорда төрінде екі мәрте халықаралық турнир ретінде өткізілген. 

«Алтын жебе» жарысын дүниежүзілік деңгейге көтеру мақсатында биылғы жылы елімізде тұңғыш рет Жамбы атудан І Әлем чемпионаты ұйымдастырылды. ҚР Мәдениет министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілетін бұл әлемдік мергендер сайысына Оңтүстік Африка, Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Мажарстан және бірнеше Азия мемлекетінің атақты мергендері қатысады. І Әлем чемпионатының мергендік бәсекелері «Азия стилі», «Түрік стилі» және Жамбы ату ережелері бойынша өткізіледі. 


Еске салып өтсек, 2017 жылы және 2018 жылы ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турниріне Мажарстан, Оңтүстік Корея, Финляндия, Малайзия, Түркия, Монғолия, Ресей, Румыния, Польша сынды оннан астам елдің әйгілі мергендері қатысқан болатын. «Алтын жебе» турнирінің бас жүлдесі екі жыл қатарынан румыниялық сұрмерген Михай Козмейге бұйырды. Ал, турнирдің күміс, қола жүлделерін Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Абзал Тулыбековтер иеленді. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесе ұйымдастырған «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесінде Әлем чемпионатынан басқа да көптеген қызықты шара тамашаланбақ. 


Атап айтқанда, аталмыш мереке өтетін «Хан-шатыр» кешенінің маңында ауқымды этно-қалашық бой көтереді. Балалардың бірегей этно-аттаркциондар ашылады. Ұлттық салт-дәстүр мен кітап көрмелерін тамашалауға болады. Ақындар айтысы ұйымдастырылады. Балалар мен ересектерге арналған аударыспақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату сияқты көптеген ұлттық ойынның қатысушыларына марапаттау мен жүлделі сыйлықтар табыс етіледі. 

Қазақ күресінің боз кілемі төселіп, атақты балуандар шеберлік сабақтарын жүргізеді. 


Сондай-ақ, осы күндері этно-қалашыққа келген бүлдіршіндерге алтыбақанда тербелу, пони аттарға мініп серуендеу сияқты қызықтар тегін көрсетіледі. 

«Nur-Sultan Ethno Fest» фестивалінің ресми ашылуы 31 мамырда сағат 19.00-де өтеді.
   


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық