Алдағы 4 жылда мұғалімнің жалақысы екі есеге артады
2 Желтоқсан 2021, 17:56 289

Алдағы 4 жылда мұғалімнің жалақысы екі есеге артады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің Facebook желісіндегі тікелей эфирінде айтты.

Қабылданып жатқан барлық нормативтік-құқықтық актілер білімнің сапасын арттыруға бағытталған. Біріншіден, білімнің сапасы – ол білімді педагог. Сапалы, білімді педагог өзінің білімін оқушыға жеткізіп, оған сапалы, өміріне қажетті білім береді. Сол себепті Білім және ғылым министрлігінің білім сапасын арттырудағы ең басты жұмысы – мұғалімдердің дәрежелерін, кәсіби санаттарын өсіріп, еңбекақыларының жоғарылауын қамтамасыз ету, - деді Каринова.

Вице-министр атағандай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 4 жылда мұғалімнің жалақысын екі есеге арттыруды тапсырған болатын. Сөзінше, биылдың өзінде мұғалімдердің жалақысы 75%-ға артқан.

Екіншіден, аттестаттау рәсімі – бұл мұғалімнің кәсіби санатын анықтайтын құрал. Бұл рәсім бұрыннан бар. Мысалы, Финляндияда аттестаттау жыл сайын өткізіледі. Біздің елімізде кезекті аттестаттаудың рәсімі мұғалімдер үшін 5 жылда бір рет өткізіледі. 2018 жылдан бастап елімізде аттестаттаудың жаңа формасы енгізілді. Бұл формада мұғалімнің біліктілік санаттары, атап айтқанда, модератор, сарапшы, зерттеуші және шебер мұғалім санаттары енгізілді, - деп атап өтті ол.

Каринова мұғалімдер үшін аттестаттау бірнеше кезеңнен тұратынын айтты.

Ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы мұғалімнің өз пәні бойынша білімі тексеріледі. 100 сұрақтың 70-і мұғалімнің өз пәні және қалғаны 30 сұрақ әдістеме бойынша беріледі. Тестілеу «бір кабинет – бір компьютер – бір мұғалім» қағидаты бойынша өткізіледі, - деп толықтырды вице-министр.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...