Алапат қасіреттің салдарынан халқымыздың тең жартысы қырылды – Әшімбаев

28 Мамыр 2021, 12:26
5764
Бөлісу:
Алапат қасіреттің салдарынан халқымыздың тең жартысы қырылды – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» жинағының таныстырылымы өтті.

Жиынға ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, белгілі саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Берік Әбдіғалиұлы және сенаторлар, тарихшылар мен ғалымдар қатысты.

Өздеріңізге мәлім, биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Тарихи өлшеммен қарасақ, бұл – қас-қағым сәт. Ал адам өмірімен өлшесек, орда бұзар жас екені белгілі. Осы аралықта біз Елбасымыздың саясаты аясында тәуелсіз мемлекет ретінде толық қалыптасып үлгердік. Барлық салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Соның бәрі тәуелсіздіктің жемісі екені сөзсіз, – деді ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ол осы ретте жетістіктеріміздің басты кепілі болған еркіндіктің оңайлықпен келмегенін ешқашан естен шығармауымыз керектігін айтты.

Шын мәнінде, тарихымыздағы «тар жол, тайғақ кешулердің» бәрі азаттық жолындағы арпалыс, тәуелсіздік жолындағы талпыныс екені даусыз. Соларды рет-ретімен зерттеп, дәріптеуіміз қажет. Сондықтан тәуелсіздігімізді ұлықтау сәтінде тойға емес, ойға басымдық беру, өткенімізден өнеге алу – біз үшін зор міндет. Бұл – біріншіден, бабалар рухына тағзым болса, екіншіден, кемелденген елдіктің белгісі, – деді Сенат төрағасы.

Мемлекет басшысы 30 жылдықты атап өтуге арналған алғашқы отырыста осы мәселеге баса мән берді.

Президентіміз айтқандай, егемендіктің бүгінгі белесі елдің жаңа келбеті мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет етуі тиіс. Бұл ретте, тарихи сананы жаңғыртатын және бостандықтың қадір-қасиетін арттыратын іс-шаралар аса маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, ашаршылық тақырыбын көтеру және бұл бағытта зерттеулер жүргізу үлкен мәнге ие. Себебі ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болды. Тіпті осы алапат қасіреттің салдарынан халықтың жартысына жуығынан айырылып қалдық, – деді Мәулен Сағатханұлы өз сөзінде.

Өзгелердің жаңалығы