Алакөлге бара жатқан жолаушылар автобусы аударылып қалды

15 Шілде 2019, 16:17
4103
Бөлісу:
Алакөлге бара жатқан жолаушылар автобусы аударылып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы-Өскемен тасжолымен келе жатқан, 47 жолаушысы бар автобус аударылып қалды, деп хабарлады Алтайньюс.

Жолдың 462-шақырымында аударылған жолаушы толы автобус Алакөлге қарай келе жатқан.

"Автобуста 47 жолаушы болған. Соның ішінде үшеуіне медициналық көмек қажет болды. Анықтап айтсақ, екі ер адам және бір әйел Сарқан қаласының ауруханасына жеткізілді. Жол-көлік оқиғасына қатысты ҚР ҚК 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", – деп мәлімдеді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Автобус Алакөл жағасындағы Көктұма ауылында қалған көрінеді. Полицияның сөзінше, жолаушылар әрі қарай сапарларын жалғастырып кеткен.

Айта кетейік, Талдықорған-Өскемен автожолында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты көліктер айналма жолмен қатынайды. Мысалы, бұған дейін талдықорғандықтар Алакөлге 5 сағатта жеткен болса, енді олар 11 сағат ішінде жолды басып өтеді. Ал алматылықтар 8 сағаттың орнына 15 сағат жол жүруге мәжбүр.

Өзгелердің жаңалығы