Ақжарқын Данабаева: Жастарды қолдайтын жобалар қоғам үшін өте маңызды

20 Қараша 2020, 20:29
2520
Бөлісу:
Ақжарқын Данабаева: Жастарды қолдайтын жобалар қоғам үшін өте маңызды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жетекшілігімен құрылған «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» мақсаты үлкен. Осы орталық «Шығармашылық жастарды қолдау бойынша іс-шараларды ұйымдастыру» жобасын қолға алған еді. 

 

Осыған орай жастар арасында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Ақжарқын Данебаевамен әңгімелескен едік.

- Бастама туралы қайдан естідіңіз? Жоба жастарға не береді деп ойлайсыз?

– Инстаграм әлеуметтік желісіне алғаш тіркеліп жатқанда осы бастама туралы ақпаратты көзім шалды. Бірақ аса көңіл бөле қоймадым. Өзім оңтүстіктің қызы болғандықтан орысшаға шорқақтаумын. Сондықтан хабарламаның орыс тіліндегі нұсқасын бірінші көргендіктен, жобаға қатысуға жүрексіндім. Бірақ бабаларымыз «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» дегенді тегін айтпаған ғой. Сол айтпақшы кейін Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының өнерлі жастарды арнайы грантпен ынталандыратыны туралы хабарлама тағы алдымнан шықты. Сосын мәліметті қазақшаға аударып, танысып шықтым. Қызығушылығым оянды. Артынша whatsapp желісі арқылы байланысуға болатынын көріп, оларға жоба өзімді қызықтырғанын жаздым. Менің хабарламамды алған соң ұйымдастырушылар жоба туралы толық ақпарат берді. Сосын қатысып, Аллаға шүкір, грантты ұтып алдым. Шынымды айтсам, грант ұтып аламын деп ойлаған жоқпын. Тек мүмкіндігімді сынап көргім келді. Бірақ грантты ұтып алғанда ерекше қуандым. Ұйымдастырушылардың назарын аударта алғаныма риза болдым. Өз өзіме деген сенімім арта түсті.

– Шыны керек, байқау кезінде әсіресе қаржылық гранттар туралы оқығанда көп адамдардың бойында сенімсіздік пайда болады. Тіпті қаржы алдын ала бөлініп қойған шығар деген күмәннің туындайтынын жасыруға келмес. Сізде ондай ой болмады ма?

– Байқаудың әділдігіне соншалықты күмәндана қойған жоқпын, тек өзімнің өнеріме, басқалардың менен де талантты екеніне қатысты аздаған қобалжудың болғаны рас. Адамның бастысы ниеті түзу, өзіне деген сенімі нық болса көп жетістікті бағындыратынына көзім жетті. Сенімсіздік санаңды улап, өзіңнің қабілетіңді шектейтінін ұқтым.

– Байқау қаншалықты тартысты өтті? Грантты ұтып алғаныңызды естіген сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– Қатысушылар өте көп болды. Сонша адамның арасынан дара шығу оңай  емес. Сондықтан грантқа талас тартысты өтті. Дегенмен «үмітсіз шайтан» деп, грантты ұтуға үмітті болдым. Жазда сабақтан бос уақытымда жұмыс істеп жүрген болатынмын. Тамыз айы еді. Жұмыста отырғанымда байқау есіме түсіп, байланыс телефондарын тауып, бірден ұйымдастырушыларға хабарластым. Аты-жөнімді сұрады. Айтып едім, «Байқау қортындысы шығып қойған, сіз 200 мың теңгелік грант ұтып алдыңыз» деді.  Қатты қуандым.

– Бұл жетістіктен қандай ой түйдіңіз?

– Жастарды қолдайтын мұндай жобалар қоғам үшін өте маңызды. Бұл ең алдымен көптеген жастардың өзіне деген сенімін қалыптастырды. Мен көркем сөз оқуды жаным қалағанымен, жәй қызығушылық ретінде қарадым. Ал байқаудан соң бұл менің бойымдағы ерекше талант, қабілет екенін ұқтым. Менен кейін үйде бес бала бар. Әрине, ата-ана қанша жерден баласының талантын ашып, қолтығынан демеуге тырысқанымен, оған мүмкіндіктері жете бермейді. Үйдегі алты баланың да барлық арманын жүзеге асырып, талантын ұштауға ата-ананың физикалық, кейде материалдық тұрғыдан үлгере алмайтыны түсінікті. Сондықтан көп балалы отбасылар үшін, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін де мұндай қолдаулар маңызды.

Қазір Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 2 курс студентімін. Мемлекеттік грант бойынша білім алып жатырмын.  Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан алған грантым өзімнің өмірде қол жеткізген екінші грантым деуге болады. Ата-анам қарапайым кісілер. Әкем 1980 жылғы, анам 1981 жылғы. Екеуі де жас болғанымен, қанатының астындағы алты баланы  қатарынан кем қылмай өсіріп отыр. Мен үйдің тұңғышымын, өзімнен кейін екі сіңілім, үш інім бар. Кенжеміз бес жаста. Көп балалы отбасынан шыққанымды мақтан етемін. Ата-анам маған ылғы «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дегенді санама құйып, өзімнен кейінгілерге жақсы өнеге көрсетуім керектігін ескертіп отырады. Ата-анамның сенімін ақтау, ізімнен ерген іні-сіңліме жақсы үлгі көрсету менің міндетім.

 Негізі Түркістан облысы, Ордабасы ауданында тұратынбыз. Кейін ата-анамның қызметіне орай Солтүстікке Петропавл қаласына қоныс аудардық. Өзімнен кейінгі бауырларыма, сіңлілеріме де бұл жетістігім үлгі екенін сезіндім. Осыдан соң оларға да қоғамда болып жатқан өзгерістерге бейжай қарамаңдар, мүмкіндігінше өздеріңді сынап көруге тырысыңдар деп айтып отыратын болдым.

– Гранттан ұтып алған қаржыңызды не істедіңіз? Құпия болмаса бөлісіп қойсаңыз?

– Алдағы уақытта түрлі байқауларға қатысу үшін өзіме үлкен мүмкіндіктер жасауға осы гранттың көмегі тигенін, ықпалы болғанын жасырмаймын. Қазір үйден арнайы студия ашып алғанбыз. Қаражатты сол студияға техникалар сатып алуға жұмсадым. Инстаграм желісі арқылы түрлі видеолар түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, көрермендер қалыптастырып үлгердім. Оқырмандарым маған қатысуға түрлі байқауларды да ұсынып жатады. Соның ішінен кейбіреуіне қатысып, «Алаш өнер орталығы» мен «Жарық жұлдыз» балалар байқауының бас жүлдегері атандым. Алда болатын финалға жолдама да берілді. Өнердің шыңына жету үшін мұндай бастамалардың маңызы зор деп санаймын.

Қазір өзімді дамытуға осылай күш салып жатырмын. Жалпы бала күнімдегі арманым журналистика факультетіне түсіп, ақпараттың ортасында жүретін тілші атану болатын. Бірақ отбасым оған қарсы болды. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығынан ұтып алған қаражатқа техника сатып алып, оны өз әлімше пайдаланып, өнерімді әлеуметтік желіге орналастырғанымда кәдімгідей басқалардың қолдауын сезіндім. Айналамдағылардың қолдауын көрген соң, қазір ата-анам, отбасым да менің бастамаларыма құрметпен қарап, маған деген сенімдерінің артқанын байқадым. Сондықтан бұл грант ең алдымен менің өзіме деген, айналамның маған деген сенімінің артуына ықпал етті деп айта аламын.

Қазір сол сенімді ақтауға талпынып жатырмын. Еңбек етіп жатырмын. Қолы бос жастар зиянды әдеттерге әуестеніп кетпеуі үшін де қоғамның мұндай бағыт-бағдары керек. Қазір бос уақытым болса өз өнерімді ұштауға ұмтыламын.

– Мемлекеттік оқу грантын да ұтып алыпсың, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының грантын да ұтып алдың. Осы орайда екі бірдей грант иегері ретінде өзің секілді жастарға не айтар едің?

– Жастардың талантын ұштайтын осындай байқаулар көбейе берсе екен. Жастар ұялы телефонды текке пайдаланбай, осындай пайдалы нәрселерге қатысып, әлеуметтік желілердің жаман жағын емес, артықшылығын игілігіне жаратса екен деймін. Байқауларға барынша сеніп қатысып, мүмкіндіктерін пайдаланса екен. Қазір ақпараттық технология иглігін, әлеуметтік желі пәрменін пайдалана білген адамға, жастарға мүмкіндік мол.

Рас, менің ұтып алған қаржым көп емес. Бірақ ол қаржы менің өмірімді жақсы жағына өзгертуге айтарлықтай әсер етті. Негізі байқау жастарды хореография, дизайн, театр, кино, цирктік өнер, әдебиет, бейнелеу өнері, сәулет өнері бағытында сынап көрді. Алдағы уақытта байқаудың қанаты, қолданыс аясы кеңейе берсін дегім келеді. Дарынды қазақстандықтар үшін, оның ішінде әлеуметтік осал санаттағы жандар үшін ұйымдастырылғандықтан бұл байқаудың басқа додалардан айырмашылығы зор. Бұл қоғамның үлкен қолдауы.

- Уақыт тауып, ой бөліскеніңе рақмет!
 

Өзгелердің жаңалығы