Бас жаңалықтар
«Ақын» фильмінің тұсаукесері Токиода өтеді
PHOTO
30 Қыркүйек 2021, 10:12 22405

«Ақын» фильмінің тұсаукесері Токиода өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмінің әлемдік тұсаукесері XXXIV Халықаралық Токио кинофестивалі шеңберінде өтеді. 

Байқау биыл қазанның 30-ы мен қарашаның 8-і аралығында Жапонияда өтеді.


Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Ақын» фильмі Дидар есімді мойындалмаған жазушының өмірі туралы баяндайды. Фильмнің сценарийі неміс жазушысы Герман Гессенің «Авторлық кеш» желісі бойыншы жазылған.


«Ақын» фильмі ең алдымен отандық көрермендерге арналған. Осының алдында түсірген менің басқа фильмдеріме қарағанда, бұл туындыны мазмұны мен проблематикасы жағынан ұлттық кино деуге болады. Фильмде қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты проблемалар көтерілген. Алайда бұл көпшілікке ортақ мәселе, өйткені бүгінде қаншама тілдер жойылып барады, тіпті жазушыларды да ешкім керек етпейді, - деді режиссер Дәрежан Өмірбаев.
Айта кетсек, 1980 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Tokyo International Film Festival кинофестивалі Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясының (FIAPF) тіркеуінен өткен, «А» санатындағы әлемдегі үздік 15 кинобайқаудың қатарына кіретін беделді фестивальдердің бірі.


Биыл фестивальге қатысуға 113 елден 1 533 өтінім келіп түскен екен. Нәтижесінде фестивальдің басты байқауына 15 кинотуынды іріктеліп алынған, оның 10 фильмі алғаш рет көрермендерге ұсынылатын болады. Халықаралық қазылар алқасын аты аңызға айналған француз актрисасы Изабель Юппер басқарады.

Фестивальдің ашылу салтанатында американдық режиссер Клинт Иствудтың «Жігіттердің көз жасы» атты картинасы көрсетілетін болады.




Фото: дереккөз
Загрузка...