Ақын Бақытжан Қанапиянов Еуропалық академияның құрметті ғалымы атағымен марапатталды
25 Қазан 2021, 16:07 1551

Ақын Бақытжан Қанапиянов Еуропалық академияның құрметті ғалымы атағымен марапатталды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық кітапханасында Бақытжан Қанапияновтың 70 жылдығына арналған «Бақытжан Қанапияновтың векзаметрлері» атты халықаралық жиын өтті.

Жиын барысында Ұлттық кітапхана директоры Бақытжамал Оспанова ақынды мерейтойымен құттықтай келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ақынға Еуропалық ғылым, өнер және әдебиет академиясының құрметті ғалымы марапатын табыстады.

Сізді еліміздегі кітапхана қауымдастықтары атынан 70 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын. 2021 жылдың 15 қыркүйегінде Еуропалық ғылым, өнер және әдебиет академиясы Бақытжан Қанапияновқа құрметті ғалым атағын тағайындап, төсбелгіні жіберді. Бүгін соны салтанатты түрде табыстаудың реті келіп тұр. Ақын пандемия кезінде Ұлттық кітапханаға қолдау көрсетіп, көптеген жобаға атсалысты. Кітапхана ақынның мерейтойына арнап «Жаһан ақыны» атты иллюстрациялы еңбекті әзірледі. Онда ақынның барлық әдеби шығармасы баяндалды, - деді кітапхана директоры.
Жиынның мақсаты – Бақытжан Қанапияновтың шығармашылық әлеміндегі әдеби және қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтарды түсіну және зерттеу. Бұл тәсіл іс-шараның ғылыми және мәдени-ағартушылық компоненттерін ақынның мерейтойын ұлттық және халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтуге мүмкіндік береді.

Конференция барысында Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Бигелді Ғабдуллин және тағы басқа ақын-жазушылар сөз сөйледі.

Бақытжан Мұсаханұлын танығаныма жарты ғасырдай болды. Оның Жазушылар одағының бірінші хатшысы болып тұрған кезімнен бері танимын. Ол кезде Бақытжан менің көмекшім болды. Жұмыс барысында оның канцелярия жұмысын жақсы атқарып қана қоймай, керемет қалам тербейтінін білдім. Осы уақытқа дейін ол көптеген дүниені жазып үлгерді. Оның шығармашылығын үнемі бақылап отырдым десем өтірік болады, дегенмен жекелеген шығармаларын оқып отырамын. Жақсы дүниелері марапатқа ие болып, өзі алға қарай табиғи жолмен көтеріліп келеді, - дейді ақын Олжас Сүлейменов. 
Іс-шара ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы және Ұлттық кітапхананың ұйымдастыруымен өтті.

Бақытжан Мұсаханұлы Қанапиянов – ақын, жазушы, кинодраматург, Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ, Ұлыбритания және Малайзия баспаларында жарық көрген қырықтан астам поэзия мен проза кітабының авторы. Оның поэтикалық шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылып, жақын және алыс шетелдердің әдеби антологияларына енген. Дүниежүзілік поэзия күнін өткізу идеясының авторы. Бірқатар халықаралық әдеби сыйлықтың, оның ішінде «Алаш», «Тарлан», Бүкіләлемдік ақындық байқаудың (Нью-Йорк, АҚШ) лауреаты.


Фото: автордан
Загрузка...