Ақтөбеліктер ит таластыруға тыйым салуға қарсы
18 Қазан 2021, 22:40 658

Ақтөбеліктер ит таластыруға тыйым салуға қарсы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбенің итбегілері ит таластыруға тыйым салатын "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасына наразы. 

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Ақтөбе іргесіндегі Қызылжар ауылына жиналған он шақты итбегі "Заң жобасы мақұлданса, төбет пен тазының тұқымы құрып кетеді" деп алаңдайды.

Экология министрлігі Қазақстанда ит таластыруға тыйым салмақшы. Себебі, министрлік ит таластыруды жануарды азаптау деп санайды. Мұндай бап Қылмыстық кодексте бұрыннан бар. Қылмыстық кодекстің 316-бабында жануарларға қатыгездік жасаудың жазасы көрсетілген. Біз жануарларды қорламаймыз. Итбегілер мұны "ит таластыру" емес, "иттерді тестілеу, яғни сынақтан өткізу" деп атайды. Тестілеу кезінде біз асылтұқымды итті сынап көреміз,- дейді Ақтөбедегі "Жекпе жек" питомнигінің төрағасы Еркебұлан Сарманов.

Итбегілердің сөзінше, иттерді "тестілеу" күз бен көктем аралығында өткізілетін, бірнеше турдан тұратын іс-шара. Әр турдың арасы 40-45 күн. Сыналған ит жарақаты бұл аралықта толық жазылады.

Ит таластыруды тестілеумен шатастыруға болмайды. Итті тестілеген кезде дәрігерлер, төрешілер болады. Иттерді өлтіруге, ауыр жарақаттауға жол бермейміз. Итбегілікпен 15 жылдан бері айналысып жүріп итті қорлағанды көрген жоқпын, - дейді итбегі Ерлан Тасмағамбетов.

Заң жобасына наразылық білдірушілер жиналған Қызылжардағы "Жекпе-жек" питомнигінде асылтұқымды 12 ит бар. Көршілігі төбет. Итбегілердің сөзінше, Ақтөбеде осындай он шақты питомник бар.

Зообелсенді Татьяна Острецова жануарларға қатыгездік көрсетуге түбегейлі қарсы. Ол "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң ит төбелестіруге тыйым салмаған күннің өзінде иттерді тестілеу барысын қатаң бақылауға мүмкіндік беруі тиіс деп санайды.

Биыл тамыз айында Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі зообелсенділермен, қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқыға шығарған.

Жануарларға қатыгездік көрсеткен адамдар туралы әлеуметтік желіде жиі жазылады. Алайда, бүгінде Қазақстандағы ол үшін жаза жеңіл. Жануарларға қатыгездікпен қарау адамдарға қатысты қатыгездіктен 5 есе, мүлік қылмысынан 4 есе көп - деді Экология министрлігі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...