Ақтөбеде Төлеген мен Шәмшіге ескерткіш орнатылады

15 Қыркүйек 2021, 21:41
2871
Бөлісу:
Ақтөбеде Төлеген мен Шәмшіге ескерткіш орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин облыстағы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен кездесу барысында айтты.

Айта кету керек, Оңдасын Сейілұлы облыс тізгінін қолға алғалы бері бұл кездесу дәстүрге айналды. Бір жақсысы, қаламгерлермен осылай ұжымдық немесе жеке жүздесуде көтерілген мәселелер аяқсыз қалған емес. Мысалы, "Ақтөбе кітапханасы" сериясымен шығатын кітаптар түгелденді, "Жауқазын" сериясымен он жастың кітабы шықты, облыс орталығындағы ең көрнекті жерге хакім Абайдың ескерткіші тұрғызылды, Қажығали Мұханбетқалиұлының "Тар кезең" романынындағы еліміздің белгілі бір кезеңі суреттелген Жіңішке өзенінің бойында ескерткіш қойылды, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте қаламгерлер атындағы аудиториялар мен кабинеттер ашылды - деп жазды белгілі ақын Бауыржан бабажан.

Екі жыл қатарынан Ақтөбеде "Әдебиет. Рух. Қоғам" атты форум өтті. 

Былтыр 7 қаламгерге Төлеген Айбергенов, Тахауи Ахтанов, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Үмбетбай Уайдин атындағы, әрқайсысы 1 миллион теңгелік сыйлық берілген болатын. Биыл бұған Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы сыйлықтар қосылды. Ақтөбе облысы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізетін бұл жобаның биылғы форумы қазан айына жоспарланып отыр - дейді ақын.

Ақтөбе қаласындағы Жастар аллеясында Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші бой көтермек. 

Былтыр қаламыздың орталығында ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбаевқа ескерткіш тұрғызылған болатын, жыл соңына дейін ақын Төлеген Айбергеновке, композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіштер орнатылады, сонымен қатар, Алаш қайраткерлеріне арналған «Тәуелсіздік ақ таңы» мемориалдық кешені ашылды - деді Оңдасын Оразалин кездесу кезінді.

Жылы рәуіште өткен кездесуде 70 жасқа толған көрнекті ақын, "Адырна" әдеби журналының бас редакторы Мейірхан Ақдәулетұлына құрмет көрсетілді. Одақ мүшелеріне арнайы стипендия берілді.

Өзгелердің жаңалығы