Бас жаңалықтар
Ақтөбеде сапалы әрі қауіпсіз жолдар салынуда
PHOTO
23 Қараша 2020, 16:34 210

Ақтөбеде сапалы әрі қауіпсіз жолдар салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Ақтөбе-Орал» және «Ақтөбе-Орынбор» автожолдарында қауіпсіздік жүйелерін енгізу бойынша Ақтөбе облысында (Ақтөбе қаласы, Мәртөк ауданы) қоғамдық тыңдаулар өтті.

Бұл туралы ҚазАвтоЖол Ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.


«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ аталмыш автожол учаскелерінде ақы алудың «ашық жүйесін» енгізу шеңберінде тестілік режимде заманауи бағдарламалық-аппараттық кешенді іске қосады. Бұл кешен - жол қозғалысы қауіпсіздігінің жоғары деңгейін және жол бойындағы инфрақұрылымды, сондай-ақ транзиттік жүк тасымалдарының қозғалыс жылдамдығы мен қарқындылығын тұрақты бақылау есебінен күре жолдарды күтіп-ұстау сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Қоғамдық тыңдауларда ұлттық компания өкілдері азаматтарға жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жүйесінің жұмыс қағидаттары, ақы төлеу тәсілдері мен Қазақстан Республикасының ақылы автомобиль жолдары саласындағы қолданыстағы заңнамасының нормалары туралы түсіндірді.

Олардың айтуынша, Ақтөбе-Орал және Ақтөбе-Орынбор жол учаскелерінде 5 бақылау аркасы мен клиенттермен жұмыс істеу орталықтары орнатылған. Аркаларда автокөліктің бір аймақтан екінші аймаққа өтуін тіркейтін арнайы камералар қойылған. Жаңа ақылы учаскелерде төлемдерді қабылдаудың «ашық жүйесі» болады. 


Айта кетсек, «ашық жүйенің» бір ерекшелігі жол бойында – шлагбаумдар мен төлемдерді қабылдау пункттері болмайды. Бұл көлік қозғалысы мен кептелістердің алдын алады. Жол жүру төлемі алдын ала төлеу тәсілі немесе қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылатын болады.

Бұл ретте Ақтөбе-Орал және Ақтөбе-Орынбор жол учаскесінде жол жүру ақысы коммерциялық жүк автокөлігінен ғана алынатын болады. Жеңіл автокөлік иелерінен Ақтөбе-Орал және Ақтөбе-Орынбор учаскесі ІІ санаттағы жолдарға жататындықтан ақы алынбайды.


Аппараттық-бағдарламалық кешенді енгізумен Ақтөбе-Орал және Ақтөбе-Орынбор жолдарының ақылы учаскелері бірнеше есе жылдам, ыңғайлы және қауіпсіз болмақ. Жолдың сервистік қызметі - жолды және жол бойындағы инфрақұрылымды қоқыстан және қардан тазалауды жедел жүзеге асырады, асфальт жабынының, көпірлердің, жарықтандыру бағаналарының, жол белгілері мен таңбаларының жай-күйін бақылайды. Сондай-ақ жол бойындағы қауіпсіздік және жүргізушілерді ауа райы жағдайлары туралы хабардар ету жүйелерін үнемі жетілдіріп отырады, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ жүк автомобильдерінен алынатын алымдар есебінен жол учаскелері тәулік бойы бақыланады, жол жабынының ақауларына жедел әрекет етеді, техникалық проблемалар туындаған кезде жүргізушілерге көмек көрсетіледі. Бұдан басқа жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инновациялар белсенді енгізіліп, саяхатшылардың өркениетті демалысы үшін жағдайлар жасалатын болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...