Бас жаңалықтар
Ақтөбеде ардагерлерге құрмет көрсетілді
09 Мамыр 2021, 06:16 266

Ақтөбеде ардагерлерге құрмет көрсетілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде Ұлы Отан соғысы ардагерлерін құттықтау санитарлық талаптарға сәйкес өтіп жатыр. Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Майдангерлер үй ауласына келген ерікті жастардың лебізін қабылдайды. Ал қаланың бірнеше қоғамдық орындарында қарапайым тұрғындар мерекелік іс-шараларды өздері өткізіп жатыр. Ашық микрофон форматындағы жобаға кез келген ақтөбеліктің қатысуына болады. 

Соғыс жылдарындағы танымал әндердің шырқалуы қарт майдангер Борис Конюшенконы ерекше күйге бөледі. Қария Ұлы мерекеге орайластырылған шарадан тыс қалмайды. Ол қан майданға 17 жасында өз еркімен аттанған. Туған жері Ақтөбеге тек 1950 жылдары оралып, саналы ғұмырын авиация саласына арнады. Ол Жеңіс күні қарсаңында өзін ұмытпай, ұлықтап отырған бүгінгі ұрпаққа ризашылығын білдіріп, алғысын да жаудырды. 

Ең бірінші бейбіт өмір болсын. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа зор денсаулық, бақыт тілеймін. Ал қарттарға құрмет көрсетіп жатқандарына алғысым шексіз, – дейді ҰОС ардагері Борис Конюшенко.
Соғыс ардагерлеріне құрмет пен сый-сияпат көрсету әдемі дәстүрге айналды. Кейбір қарияларды облыс және қала басшылығы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері үйіне барып құттықтауда. Ал еріктілер қала бойынша алты алаңда шағын концерттік шаралар өткізіп жүр. Ол жерлерде өлең оқып, ән айтқысы келетін кез келген адамның қатысуына мүмкіндік бар.  
Осындай шараларды белгілі жерлерде, алаңдарда ұйымдастырып жатыр екен. Бүгін мінеки Абай алаңында халықтың өзі шығып, Абайдың әндерін орындап, Абайдың қара сөздерін, өлеңдерін оқып беріп жатыр. Бұл халықтың мәдениетінің деңгейінің көтерілуіне, олардың азаматтық қозғалысының, белсенділігін көтеруде болады, – дейді еңбек ардагері Еркін Құрманбек.
Ұлы Жеңіс күніне арналған мәдени шаралар бірнеше күнге жалғасады. Облыста 6700-ден астам соғыс ардагері мен оған теңестірілген тұлғалар, тыл еңбеккерлері, тағы басқа осы санаттағы азаматтар тұрады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...