Ақтөбе тұрғындары шошқа фермасының жабылуын талап етіп жатыр

20 Қараша 2020, 03:15
1541
Бөлісу:
Ақтөбе тұрғындары шошқа фермасының жабылуын талап етіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап етеді. Айтуларынша, ауыл маңына қоныс тепкен доңыздар халықты әбден мезі еткен. Айнала тезекке толған. Ал қолқаны қабатын жағымсыз иіс қар жауса да басылмай тұр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.  

Талпақ танаулардың ішек-қарны көмілген жерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Ауыл тұрғыны осыны айтып әлеуметтік желіде араша сұрады. Жазба авторы шошқа қалдықтарының 900 шаршы метр аумақты алып жатқанын айтады.  

Бестамақ ауылының екі жүзге жуық тұрғыны жиналды. Шыдамның да шегі бар, әбден тұншығып біттік деген олар 12 жылдан бері жанайқайына құлақ асар жан таппағанына ашулы. Тұрғындар әу-баста кәсіпкердің бұл жерге түйеқұс өсіремін деп рұқсат алғанын айтады.

Түйеқұс ұстаймыз деді. Оның аяғы не болып кеткені белгісіз. Осында бір емес, екі емес, 26 баз бар. Бір баздың өзінде мыңдаған шошқа бар. Соның боқтығын әкеліп төккенде, мына Бестамақ қана емес Бесқопа, Қарағаш, Алға ауылдарына дейін иісі қолқаны қауып кетеді, - деді Бестамақ ауылының тұрғыны Ерболат КЕНЕТАЕВ.  
Мына шошқаның иісін құртындар деп жатырмыз. Суымыз лас, ауамыз лас. Далаға шығып, терезе аша алмаймыз. Иіс тұрғандықтан, далаға кір де жая алмаймыз, - дейді Бестамақ ауылының тағы бір тұрғыны Гүлнәр АЙТЖАНОВА.
Бұқараның айтуынша, 40 мың шошқа өсіретін үлкен фермада күн сайын 280 жануарды етке өткізу үшін бауыздап отырады екен. Ал оның зардабы ұшан-теңіз дейді тұрғындар.  
Мешіт бар, медресе бар. Базды жабу керек. Қалдықтарды, шошқаның боқтығын, бәрін суға құйып жатыр. Балықтың бәрі қырылып бітті. Бұл суды мал да, адам да ішіп жатыр, - деді Бестамақ ауылының тұрғыны Мақсат ЖОЛДЫБАЕВ.  
Басы дауға қалған кәсіпкер соңғы кезде қалдықтарды жерге көміп жүргенін мойындады. Соңғы 20 күнде алты мың тоннадай өндірістік қалдықты көміпті.
Бізде экструдерлер сынып қалғандықтан, каустикалық содамен араластырып, көміп тастады. Жиырма күн болды. Қажетті бөлшектер әлі келмей жатыр, сол үшін осылай болды, - деді ЖШС атқарушы директоры Нұрым ҚҰМАРОВ.
Аудан әкімі жағдайдан хабардар екен. Ол арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргіземіз деді.
Біраз кемшіліктер анықталды. Арнайы келген комиссия кемшіліктерді тексереді. Содан кейін қорытындысы бойынша іс сотқа беріледі. Соттың шешімімен ғана мекемені тоқтатуға болады, - деді Алға ауданының әкімі Мамырғалы АҚҚАҒАЗОВ.  
Шошқа фермасы жабыла ма, жабылмай ма, ол жағы қазірше белгісіз. Ал тұрғындар ферманың көзін жою үшін аянып қалмаймыз деп отыр.
Өзгелердің жаңалығы