Ақтөбе облысында жаңа дене шынықтыру кешені ашылды

6 Наурыз 2021, 23:05
1607
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жаңа дене шынықтыру кешені ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қызмет бабымен Ойыл мен Қобда аудандарында болып, ауылдардың дамуымен, жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысымен танысты.

Ойыл ауданында өңір басшысы дене шынықтыру кешенінің ашылуына қатысты. Спорттық нысанның құрылысы былтыр басталған. Мердігер "Сұңқар құрылыс LTD" ЖШС жұмысты бір жылда аяқтады. Жоба құны 392,6 млн теңге.

Еліміздің Тәуелсіздік жылдары дене шынықтыру мен спорт та мемлекеттің айрықша назарында болды. "Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын" жүзеге асыру мақсатында өңірде спорт нысандары материалдық-техникалық базасын жаңартылып, жаңа үлгідегі кешендер бой көтеруде. Еліміздің Тәуелсіздігінің мерейтойы болатын жылы біз бірнеше дене шынықтыру-сауықтыру кешенін пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Солардың бірі бүгін ашылып жатыр,- деген Оңдасын Оразалин ойылдықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қарап шыққан өңір басшысы тұрғызылып жатқан сегіз пәтерлі екі жалдамалы коммуналдық тұрғын үйдің құрылыс алаңына барды. Биыл күзде аяқталатын жобаның құны 161 млн теңге. Бұл үйлерді тұрғын үй қорында кезекте тұрған аудан тұрғындары, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы алады. Облыс әкімі барған келесі нысан - шағын жылыжай. Жеке кәсіпкер Сапура Мырзағалиева облыс әкіміне өз ісін мемлекеттік қолдауды пайдалана отыра ашқанын айтты. Ол жылыжайды ашу үшін "Кәсіпкер" бағдарламасы бойынша 5 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Былтырдан бері жылыжайда 3 тонна қияр, аскөк, салат жапырағы мен бейжің орамжапырағы өсіріледі.

Оңдасын Оразалин сондай-ақ, жол құрылысы саласының алдағы жылға жоспарымен танысты. Осы жылы Ойыл ауылдық округінің алты ауылына 132,8 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Ш.Берсиев ауылындағы екі көше, Қараой, Сарбие ауылдық окруктеріндегі тағы жеті көше жөнделмек.

Сонымен қатар, ауданда "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында елді мекендер сумен, газбен жабдықталып, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады. "Еңбек" бағдарламасы аясында 250 млн теңгеге 57, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасымен 450 млн теңгеге 7, "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы арқылы 12 жоба жүзеге асырылады.562 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған.

Ойыл ауылында облыс әкімі сонымен қатар, 177 студент ауыл шаруашылығы, мал дәрігері мамандықтары бойынша білім алып жатқан аграрлық колледжде де болды. Оқушылар жатақханамен қамтылған. Осылайша, өңірде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кадр тапшылығы шешілуде.

Кейін облыс әкімі Қобда ауданына барды.

И.Құрманов атындағы ауылдық округіне қарасты Егіндібұлақ ауылында өңір басшысы жыл бойы жұмыс жасайтын оқу-сауықтыру орталығының құрылысымен танысты. Жоба құны 250 млн теңге, кешен бір ауысымда 72 баланы қабылдайтын болады. Ауысымның ұзақтығы 12 күн.

Балаларға жасалған жағдайлармен танысқан Оңдасын Оразалин орталық басшылығына шағын автобус табыс етті.

Облыс әкімі қарап шыққан Қобда ауданындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің ат спорты манежында аудан тұрғындары атқа мінуді үйрене алады, церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды емдеу үшін иппотерапия ашу жоспарда бар.

Қобда ауданының әкімі Болат Құлов өңір басшысына биылғы жылдың жоспары туралы айтты.

Оның сөзінше, 2021 жылы ауыл шаруашылығы көлемі 25,2 млрд теңгеге ұлғаяды деп болжануда, агроөнеркәсіп саласындағы құны 7,6 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, үш жоба ендігі пайдалануға беріліп қойды.

Шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы паркін жаңарту мақсатында 31 бірлік арнайы техниканы сатып алуды жоспарлап отыр. "Еңбек", "Қарапайым заттар экономикасы", "БЖК-25" бағдарламалары аясында 111 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, 1327 тұрақты жұмыс орны құрылып, мемлекеттік қолдау шараларымен 350 млн теңгеге 80 жоба қамтылады, 145 әлеуметтік жұмыс орны құрылады.
"Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы бойынша Қобда ауданындағы екі көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, И.Білтабанов атындағы ауылға дәрігерлік амбулатория салынады, аудан орталығында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен басқа да маңызды нысандар салынады.

Бұдан өзге, өңір басшысына ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар инвестициялық жобалар, сонымен қатар Қобда және Ойыл аудандарына қатыгайтын туристік маршруттар жасау жұмыстарының нәтижелері таныстырылды, туристерге арналып жасалған сувенирлік өнімдерді көрсетті.

Оңдасын Оразалин Қобда ауылындағы өрт сөндіру бекеті құрылысының жұмыс барысын тексеріп, аудан орталығындағы алты көшеге асфальт жабу жұмыстарының сапасымен танысты.

Облыс әкімінің жұмыс сапарының соңында "Әкежан" супермаркеті мен "КOBDAstom" стомотологиясына соқты. Бұл жобалар "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы аясында іске асқан.

Аман Қоңырбаев қайтарымсыз 5 млн теңге көлемінде грант алып туған ауылында тіс емханасын ашқан. Бұл қаржыға ол медициналық құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінде ауылдастарына төмен бағада қызмет көрсетіп отыр.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы аудан әкімдеріне әлеуметтік-экономикалық жағынан дамыту жұмыстарын күшейтуді, кәсіпкерлік мубъектілерін жан-жақты қолдауды және барлық жобаларды мерзімінде орындауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы