Бас жаңалықтар
Ақтаудағы жаяу жүргіншілер жолағы жарықтандырылады
27 Ақпан 2021, 15:01 338

Ақтаудағы жаяу жүргіншілер жолағы жарықтандырылады

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау өңірінің орталық қаласында 183 реттелмейтін, яғни бағдаршам қойылмаған 183 жаяу жүргіншілер жолағы бар.

Олардың тек сегізі жарықтандырылған. Көп жылдан бері айтылып жүрген өзекті мәселені шаһар билігі биыл түбегейлі шешуге кіріскен сыңайлы. Өйткені, қараңғы түсе жаяу жүргінші жолында адам қағу азаймай тұр.

Жергілікті полиция қызметі өкілдерінің мәлімдеуінше, 2020 жылы 127 тұрғынды кешкілік уақытта арнайы белгіленген орындармен өтіп бара жатқан шағында көлік қағып кетті. Ең өкініштісі, 16 адам жол көлік оқиғасы болған жерде қайтыс болды. Басым көпшілігі - жеткіншектер.

Ия, өз басым жолда адам қағу дегенді күнде естимін. Түнде қала ішімен көлік айдауға қорқам. Бұл жерде жүргізушілерді де кінәлау артық сияқты. Өйткені, қараңғыда қара киім киіп алған адамды әбден тақалғанда барып көресің. Сол жерде жарық жанып тұрса, алыстан алдында кедергі барын байқайсың ғой, әйтеуір. Бұл, жылда айтылатын мәселе, - дейді Аманбек есімді қала тұрғыны.

Қазіргі уақытта 11-ші және 12-ші, сондай-ақ 26 мен 28-ші мөлек аудандар арасындағы жолдағы жаяу жүргіншілер жолағы жарықтандыру жұмыстары аяқталып тұр. Бұдан былай тұрғындардың пір Бекет ата атындағы облыстық мешіт алдындағы жолдан да алаңсыз өтуіне болады.

Қаланы энергия желілерімен жабдықтаушы кәсіпорын ақпаннан бастап әр ай сайын кемі 40 данадан ток үнемдегіш шамдардың осындай реттелмейтін орындарға орнатуды жоспарлап қойған. Бүгінде монтаж жұмыстары осы ретпен жалғасып жатыр.

Ақтау қалалық тұрғын-үй шаруашылығы мемлекеттік бөлімінің сектор басқарушысы Айбек Ербөлековтың сөзінше, өзекті мәселені біржола шешу үшін жергілікті бюджеттен 300 млндай қаржы аударылуы керек.

Әзірге коммуналдық кәсіпорын өзінде бар жабдықтарды қолданып жатыр. Сосын өзіңізге белгілі, Ақтау халықаралық әуежайына апаратын автомобиль жолы төрт жолақты болып өзгертіліп жатыр. Бұрынғы жылдары осы трассаның жиегіне 700 бағана орнатылған болатын. Әрқайсы 11 метрлік бағаналар. Ендігі кезекте оларды 8 метрге дейін қыстартып, Ақтау қаласының аумағындағы жаяу жүргіншілер жолдары орнату жұмыстарын басталады - дейді ол.

Жоспар бойынша, бұл жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша, биыл барлық жаяу жүргінші өтпелерін жарықтандырылу күн тәртібіне қойылған.

Жалпы Ақтаудағы автомобиль жолдарында 7 мыңдай жарық бағанасы тұр. Басым көпшілігінің тозығы жеткен. Жауапты мамандардың айтуынша, осы жылы кемі 2 мың шам ауыстырылуы тиіс. Бұл бағыттағы жөндеу жұмыстары наурыз айында басталады деп күтілуде.



Фото: автордан
Загрузка...