АҚШ. 11 қыркүйекке қатысты құпия құжаттар жариялануы мүмкін

4 Қыркүйек 2021, 22:34
8019
Бөлісу:
АҚШ. 11 қыркүйекке қатысты құпия құжаттар жариялануы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ президенті Джо Байден 3 қыркүйек күні 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған лаңкестік шабуыл жөніндегі құпия құжаттарды жария етуді бұйыратын құжатқа қол қойды. 

Нақтырақ айтқанда, ол Әділет министрлігі мен өзге де құзыретті органдарға ФБР тергеуі жөніндегі құжаттарды жария ету тұрғысынан зерделеуді тапсырды.

Азаттықтың мәліметіне қарағанда, Бұйрық лаңкестік оқиғаның 20 жылдығы қарсаңында шығып отыр. Өткен айда лаңкестік шабуыл құрбандарының туыстары Байденнен құпия құжаттарды жария етпейінше 11 қыркүйек оқиғасын еске алу шарасына келмеуді талап еткен. Олар ФБР құжаттарында лаңкестік шабуыл артында Сауд Арабиясы тұрғанын көрсететін айғақтар бар деп сенеді.

Құпия құжаттарды жария ету ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін болғанымен, бұқараның жариялыққа деген мұқтаждығы ұлттық қауіпсіздік мүддесінен басым болатын тұста ақпарат құпия күйінде қалмауы керек - деді Байден өз бұйрығында.

Осы бұйрықтан кейін бас прокуратура қай құжатты әшкере етуге болатынын, қай құжатты әлі де құпия ұстау қажетін анықтап, біріншісін алты ай ішінде жариялауы тиіс.

2001 жылы 11 қыркүйекте бір топ лаңкес жолаушы ұшақтарын басып алып, оларды Нью-Йорк қаласындағы сауда үйіне бағыттаған. Салдарынан 3 мыңға тарта адам қаза тапты.

Ұшақты ұрлағандардың ішінде 15-і Сауд Арабиясының азаматы болған. Шабуылды мойнына алған "әл-Қайда" ұйымының жетекшісі Усама бин Ладен де Сауд Арабиясының азаматы.

Сауд Арабиясы шабуылға қатысы барын жоққа шығарады.

Өзгелердің жаңалығы