Ақмолада жазықсыз жазаланғандардың 5 мыңнан аса ісі сақталған

29 Мамыр 2019, 16:46
2296
Бөлісу:
Ақмолада жазықсыз жазаланғандардың 5 мыңнан аса ісі сақталған

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатында 5600-ге жуық саяси қуғын-сүргін құрбандарының тергеу және ақталған ісі сақталған. 

Мұнда зұлматты жылдардың зобалаңына түскен 400-дей ақталмаған адамның да құжаттары тіркелген. 

«Мұрағаттағы №1276 іс – бұрынғы Көкшетау ауданында қазақ тілінде шығып тұрған «Колхоз жолы» газетінің жауапты хатшысы Зейніш Қыстаубаевқа қатысты. 1910 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданына қарасты «Сарытомар» колхозында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Комсомол мүшесі, сауатты, үйленген деп жазылған. Көкшетау қаласы, Ленин көшесіндегі №25 үйде тұрыпты. Одан әрі жергілікті қауіпсіздік комитетінің айыбы тізбеленіп кете береді», - дейді мұрағат қызметкері, полиция аға инспекторы Қарлығаш Салықова. 

Құжатта «Зейніш Қыстаубаев солтүстік өңірде кеңес үкіметіне қарсы ұлттық ұйымның мүшесі ретінде ауыл-аймақтарда колхоз жұмысын нашар жүргізіп жатқандар жайлы арнаулы тілшілерден келген мақалаларды әдейі бастырмаған. Газеттің кей нөмірлерін қолдан қысқартып, партияның колхоз құру бағытындағы жұмыстарын қасақана қолдамаған. Бейнетқор, Еңбекшілдер аудандық газеттерінде жұмыс істеген жылдары капиталистік құрылымды жақтап, 1 май мерекесі қарсаңында капиталистік құрылыс туралы ұран жазылған листовкалар таратты» деп жазылған. 

«Газет қызметкеріне «тыңшылық қызмет атқарған», «Қазақ буржуазиялық мемлекетін» құруда жапондықтардың ықпалына сүйенген деген де айыптар тағылған. Осылайша, жазықсыз жазаланған журналист бірнеше қайтара тергеліп, куәгерлер қатары көбейтіліп, жаланың үстіне жала жабыла берген. Жалған жаланы мойындату, өз қолымен жаздыру үшін не істелмеген, қандай айуандықтар жасалмаған? Бірінші тергеу кезінде өзінің кінәсін мойындамаған азамат азаптау мен қорлыққа шыдамаған болу керек, кейін өзінің жапон тыңшысы екенін және кеңес үкіметінің саясатына қарсылық білдіргенін мойындаған», - дейді мұрағат қызметкері. 

Тергеу ісінде күдіктінің үйін тінтіп, бұлтартпас дәлелдер мен айғақтар іздегені де жазылған. 1938 жылдың 30 сәуірінде ұсталған Зейніш Қыстаубаев алдымен Көкшетаудың түрмесіне қамалып, кейін Петропавлға ауыстырылған. РСФСР Қылмыстық кодексінің 58 – 1 «а» бабының 2-7-10-11 тармақтарына сәйкес айыпты деп танылып, Үштіктің үкімімен 1938 жылдың 19 қазанында ату жазасына кесілген. Тергеу ісінде тілімдей ғана қағазда «Зейніш Қыстаубаевты ату жазасына кесу туралы үкім 23:00-де орындалды» делінген. Осылайша, жазықсыз құрбан болған журналист жігіттің өмірі 28 жасында қыршыннан қиылған. 

Зейніш Қыстаубаевтың өмірбаяны жазылған парақта әкесі мен анасы, қарындасы, әйелі мен бір ұлы бар екені жазылған. Қамауға алынғанға дейін бір сиыры болды деп көрсетіліпті. Заман тынышталғаннан кейін Зейніш Қыстаубаевтың әйелі Рабиға жұбайын ақтап алу бойынша құжаттарын жинап, сұрау салған екен. 

«Тексеріс нәтижесінде КСРО ҚК, Приморский край, Хабаровск, ГАУ Ерекше архивіне сұрау салынып, Зейніш Қыстаубаев жапон тыңшысы, кеңес үкіметін құлатуға әрекет етушілердің қатарында аты аталмайды деген жауап хаттардың негізінде және Түркістан әскери трибуналының әскери прокурорының «Жазықсыз жазаланды, сондықтан қылмысы жоқ» деп танылсын деген хатының негізінде 1965 жылдың 7 сәуірінде ақталған», - дейді Қарлығаш Салықова. 

Алаш қозғалысын жете зерттеп, зерделеп жүрген жазушы Тұрсын Жұртбай сонау қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда 60 мың адам «жапон тыңшысы» деген айыппен атылған дейді. 

«Шындық қана талай жылдар бүркемеленген сұмдықтың бүге-шігесін ашпақ. Астананың іргесіндегі 2007 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған АЛЖИР мұражайына бір барып көру, жан түршігерлік экспонаттарды көру әрқайсымызға азаматтық парыз дер едік. Азапты болса да, ауыр болса да өз тарихымыз. Бүгінгі жас ұрпақ санасына ұлт басына түскен сол бір сұрқия зобалаңды бұлтарыс-қалтарыссыз, қаз қалпында сіңіру үлкен міндет», - дейді мұрағат қызметкері.         

Өзгелердің жаңалығы