Бас жаңалықтар
Ақмолада «Жас маман» жобасы аясында колледждер жабдықталуда
09 Наурыз 2021, 18:37 290

Ақмолада «Жас маман» жобасы аясында колледждер жабдықталуда

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «Жас маман» мемлекеттік жобасы аясында кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда.

Көкшетау жоғары техникалық колледжі жеңіл көліктерді диагностикалауға және жөндеуге қажетті сандық бағдарламамен басқарылатын жабдық сатып алды. Аталған жоба арқасында оқу орны автомобиль шанақтарын жөндеу шеберханасын жаңартты. Швейцариялық CAR-O-LINER – диагностикалау және бүкіл жөндеу процесін бақылауға мүмкіндік беретін жаңа технология.

Елімізде жоғары технологиялық, автоматтандырылған жабдықта жұмыс істей алатын мамандар үлкен сұранысқа ие. Жоба арқылы біз металл және ағаш өңдеу машиналарын алдық. Алдағы уақытта тігін цехында шығарылатын өнім түрлерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде 2 млн теңгеден астам сомаға тапсырыс бар. Біздің студенттер өкпені жасанды тыныс алдыру аппараттары мен басқа да жиынтықтарға арналған корпустар дайындайды. Бұл сандық бағдарламамен басқарылатын заманауи станоктардың арқасында мүмкін болды, - деп атап өтті колледж директоры Ақнұр Еслямова.

«Жас маман» мемлекеттік жобасы аясында оқу орны 526 млн теңгеге озық техника сатып алды.

Жалпы жаңа құрылғы ақауларды анықтауға және жеңіл автомобильдерді жөндеуге мүмкіндік береді. «Жас маман» жобасы аясында колледж дәнекерлеудің 12 түрін орындауға мүмкіндік беретін жабдықтар сатып алды. Дайын өнім жергілікті «Көкше прицеп» кәсіпорнына жеткізіледі. Мұнда «Тыныс» компаниясында өндірілетін жасанды тыныс алдыру аппараттарына арналған бөлшектер де шығарылады, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Василий Гапеев

Колледж студенттерінің «Тыныс» АҚ, «КАМАЗ – Инжиниринг» АҚ, «Көкшетау жолдары», «Сейнұр» сияқты жергілікті кәсіпорындарда өздерін маман ретінде сынап көруге мүмкіндіктері бар.

Оқу орнында 2085 студент 36 мамандық бойынша білім алуда. Пандемия басталған тұста колледждің тігін цехы екі мыңға жуық бетперде тікті. Қорғаныш құралдарына «Көкшетау Жолдары» ЖШС және теміржол вокзалы тапсырыс берген.

Карантин кезінде біз «Тыныс» зауытымен ынтымақтастық орнаттық. Біздің студенттер механикалық желдету жүйесінің негізгі бөлігі – коллектор корпусының 50 данасын жасады. Бұл студенттердің пандемиямен күресуге қосқан үлесі. Сонымен қатар мүгедектер арбасына қажетті бөлшектер де жасалды, – дейді колледж директорының кәсіби оқыту жөніндегі орынбасары Нартай Ыбыраев.

Оқу орны «ENKI», «КАИК», «Регион Строй», Степногорск подшипник зауыты сияқты серіктестермен көпжылдық келісімшарттар жасады.

Жобаның басты мақсаты – қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау. Біз жетекші компаниялармен тығыз байланыс орнаттық. Кейбір практикалық сабақ кәсіпорындардың деректер базасында өткізіледі. Егер практика кезінде студент өзін жақсы жағынан көрсетсе, болашақта сол кәсіпорында жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар. Жыл сайын 4-5 курстың 200-ден астам студенті ірі кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Мысалы құрылыс факультетінің студенттері тағылымдамадан өтіп, «ENKI» кірпіш зауытында және «Регион Строй» компаниясында жұмыс істеді. Олардың жалақысы 160-180 мың теңге аралығында болды, - деп атап өтті директордың орынбасары.

Колледж бес жылдан бері «WorldSkills» жұмысшы мамандықтарының ұлттық чемпионатына қатысып келеді. Осы жылдар ішінде он алтын, бес күміс және бір қола медаль жеңіп алды.


Ал Көкшетау құрылыс-техникалық колледжінің студенттері балалар ойын және спорт алаңдарына қажетті жабдықтарды дайындайды. Оқу орнында «Жас маман» жобасы бойынша дәнекерлеу жабдықтары алынды. Колледж жалпы сомасы 435,5 млн теңгеге жуық жабдыққа тапсырыс беріп, жеті шеберхана мен үш зертхана жабдықталды.

Жабдықтар сұранысқа ие 18 мамандық және 33 біліктілік бойынша сатып алынады. Бұл құрылыс, машина жасау, аспаздық, жиһаз өндірісі, автомобиль жөндеу, өнеркәсіптік кәсіпорындарды автоматтандыру, «ақылды үйлерге» қызмет көрсету салаларын қамтиды.

Биыл «Жас маман» жобасы аясында 11 ақмолалық колледж жаңғыртылады деп күтілуде.


Фото: дереккөз
Загрузка...