Ақмолада су тасқынына қарсы тоғыз жоба жүзеге асырылады

11 Ақпан 2021, 14:35
1334
Бөлісу:
Ақмолада су тасқынына қарсы тоғыз жоба жүзеге асырылады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында «2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бойынша тоғыз жоба қолға алынуда. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталмақшы. Бұл туралы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қанат Доспаев мәлімдеді.

Атбасардағы Жабай өзені арнасының түбін тереңдету жұмыстарына 8 млн теңгеден астам қаражат көзделген. Жобаны жүзеге асырушы – «Аспантау ЛТД» серіктестігі. Бұл жоба әзірге мемлекеттік сараптаманың қарауында.

Сандықтау ауданындағы Балкашин ауылының жағалау сызығы бойындағы учаскелерде Жабай өзенінің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге 8,5 млн теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта Жабай өзенінің арнасын тегістеу үшін жер телімдері рәсімделуде. Материалдар қоғамдық тыңдаулар мен мемлекеттік сараптамаға жіберіледі, – дейді Қанат Доспаев.

Колутон өзені арнасы бойындағы учаскелерде жағалауды нығайтуға 6 млн, Шағалалы өзенінің арнасын тереңдету үшін 9 млн теңге қаражат жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарды Павлодар қаласының «Биосфера» ғылыми-өндірістік кәсіпорны жүргізетін болады.

Целиноград ауданының Р.Қошқарбаев ауылында жағалауды нығайту жұмыстарына 11 млн теңгеден астам қаражат көзделіп отыр. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар. Құрылыс-монтаж жұмыстары үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге бюджеттік өтінім дайындалуда, – деп атап өтті Қанат Доспаев.

Атбасар ауданының Мариновка ауылында қорғаныс бөгетін салу үшін 9 млн теңгеден астам қаражат жоспарланған.

Целиноград ауданы Оразақ ауылындағы Нұра өзенінің арнасын түзету жұмыстары мен Атбасар ауданының Борисовка ауылында қорғаныс бөгеті құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірлену үстінде. Атбасар ауданының Садовое ауылында қорғаныс бөгетінің құрылысына 6 млн теңге қажет. Жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіледі, - дейді Қанат Доспаев.

Өзгелердің жаңалығы