Бас жаңалықтар
Ақмолада әлеуметтік дүкендер саны көбейеді
16 Сәуiр 2021, 13:05 238

Ақмолада әлеуметтік дүкендер саны көбейеді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендер санын көбейту жоспарланып отыр.

Өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету атқарушы органдардың тұрақты бақылауында. Десек те, сарапшылар бағаның шарықтауының негізгі себептерін алға тартты.

Коронавирус пандемиясы басталғалы әлемдегі баға саясаты астық, өсімдік майы, сүт, ет, қант сияқты азық-түлікке әсер етуде. Әлемдік азық-түлік нарығының қатысушысы ретінде еліміз де осы факторлардың ықпалын сезінуде. Бөлшек сауда бағасының қымбаттауына ең алдымен тауар өндірушілердің бағаны өсіруі әсер етуде. Өнімді сақтау және өңдеу шығындарының өсуі, электр энергиясына тарифтің 8 пайызға қымбаттауы шикізат, жемшөп, жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасына кері ықпал етті, – дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.

Оның айтуынша, бағаны тұрақтандыру жөніндегі жол картасы шеңберінде кәсіпорындар-жылыжайлар, нан комбинаттары, мал шаруашылығы және құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін электр энергиясына тарифті бекіту мәселесі пысықталуда. Облыс әкімдігі 2020 жылғы 23 желтоқсанда әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының 2021 жылға арналған бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін бекітті.

Бүгінгі таңда, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы бағаның шекті мәндерімен салыстырғанда, Көкшетау бойынша қырыққабат, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасының бағасы 15 пайызға қымбаттаған. Қырыққабат бағасының шекті мәнінен асып түсуінің негізгі себептері – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сақтауға және өңдеуге жұмсалатын шығыстарының артуы, сондай-ақ қырыққабаттың жаңа дақылының қымбат бағамен түсуі. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Дегенмен баға биыл айтарлықтай өскен жоқ. Өткен жылы шекаралардың жабылуына байланысты Түркістан облысынан төмен бағамен жеткізілген қырыққабаттың артық мөлшері болды. Күнбағыс майы отандық тауар өндірушілердің бағаны айтарлықтай өсіруіне байланысты шарықтады. «Май» АҚ, «Өскемен май зауыты» АҚ литріне 610 теңгеге, Алматы қаласының «Еигаѕіап foods Сorporation» АҚ («Шедевр» сауда маркасы) 640 теңгеге, сондай-ақ Ресей зауыттары 730 теңгеге дейін өсірді. Тауық жұмыртқасының бағасына құс тұмауы және кейін Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикаларынан Көкшетау қаласына жеткізілімдердің төмендеуі, сондай-ақ азық бағасының өсуі әсер етті, – деп нақтылады Ербол Оспанов.

 Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен және сауда объектілерімен бағаларды тұрақтандыру туралы 726 келісім жасалды. Сауда нысандарының иелерімен және сатушылармен сауда үстемесінің 15 пайыздан аспайтын мөлшерін сақтау бойынша күн сайынғы баға мониторингі және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінгі таңда «KOKSHE» ӘКК тұрақтандыру қорында 1 275 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бар. Олар сатылымға шығарылды. «Айналым схемасы» шеңберінде өткен жылдың соңында әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің жеті түрін төмендетілген бағамен сату үшін 892 миллион теңге мөлшерінде қарыздар берілді. Тауарлар Көкшетау қаласының халық тығыз орналасқан аудандарында делдалдарсыз «KOKSHE MARKET» үш әлеуметтік дүкені арқылы сатылады, – деп атап өтті «Есіл» ӘКК ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары Гүлмира Жазина.

Оның хабарлауынша, өңірде бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік дүкендер санын көбейту көзделуде. Сәуір айының соңына дейін облыс орталығында «KOKSHE» ӘКК Абай және Алтынсарин көшелерінің бұрышында тағы бір дүкен ашуды жоспарлап отыр. Бағаны одан әрі тұрақтандыру мақсатында жергілікті қазынадан қосымша 431 млн теңге бағытталды.

Жыл басталғалы 39 жәрмеңке өткізілді. Облыс «қызыл аймақтан» шыққан кезде Көкшетау қаласында облыстық жәрмеңкелерді қайта бастау мәселесі қаралуда. Сондай-ақ, егістік алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, күнбағыс 36,5 мың гектар алқапқа себіледі, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 71 пайызға артық. 2021 жылғы қаңтар-ақпанда жергілікті тамақ өнімдерінің өндірісі 19,4%-ға артып, 19,7 млрд теңгені құрады. Облыс орталығындағы «Ақсай нан» кәсіпорны облыс өңірлеріндегі 287 сауда нүктесіне әлеуметтік нан жеткізуді жолға қойды. Нан бағасын тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорының ресурстары да пайдаланылады, – деп түсіндірді Гүлмира Жазина. 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...